Өлеңдер ✍️
Өмірім менің, өкси бер...
Өмірім менің, өкси бер,
Өндірдей кетсем өкінбен.
Демімді соңғы естиді ел
Кеудемде қайнап жетілген.
Қаңтардың қарын жылатқан
Бейне бір сәуір самалы -
Саз болып кіріп құлақтан,
Жыр болып көзден тамады.
Тамсын жас, жанар жыласын,
Кезек бер, тілдер, күрмеліп.
Жүректің сыры - шын асыл
Түсінер екен кім келіп?
Өкпем жоқ менің өмірге,
Кенде емен тіпті досқа да.
Ауылда кірген шөгірге
Қалай ем тапсын астана?!
Шуы көп, сырлы сыбырсыз,
Биі көп, сезім қыбырсыз,
Сергелдең болған тынымсыз,
Есітемісіз үнін сіз?
Қашан да жаным сезімтал,
Болған жоқ көгім Ай-Күнсіз.
Көзімді ал, мейлің, өзімді ал,
Сезімге тиме, қайырымсыз!
Қажетсіз маған сайран бақ,
Тіледім бақыт елге үнсіз.
Жүрегімді менің ойранда,
Тілегіме тиме, мейірімсіз!
Барым да нарым, сірә, осы,
Өмірім қалды қанша ұзақ?
Өтеді жаным күресіп
Жүректен қаны тамшылап.
Бас имес ешбір ханға асау,
Аты - аңыз, желдей жүзі - елес,
Азаптан ғажап бақ жасау
Мен үшін тіпті түк емес.
Ғаламға тыншу бермеген
Ғаламат нұрдың теңізі,
Төгілер кеуде кернеген
Хақтықтың қайсар лебізі.
Қаңтардың қарын жылатқан
Бейне бір сәуір самалы -
Саз болып кіріп құлақтан,
Жыр болып көзден тамады.
Әманда алдан көрінген
Сол арман - мәңгі заңғар көк.
Жүректің түкпір төрінде
Қалады түйір маржан боп.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter