Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
13.05.2022
229
Жалған мақтап қайтейін, далам, сені...
Жалған мақтап қайтейін, далам, сені,
Жұлдызы - ерке, қызы - еркін, балаң - сері,
Махамбеттей мәрттердің мыңы шыққан
Көбебұзар жебелі қорамса едің.
Далам, сенің бағаңды берем қалай?
Мың жұлдыз бен лайық төбеңдегі Ай.
Одан да зор атақты қияр едім
Әттең, соны суреттер өлең жоғы-ай...
Жо-жоқ, сірә бұл ойым болар айып,
Бәлкім, өлең бар шығар оған лайық.
Өз тілінде тырналар айтар оны,
Өз тілінде соны айтып ағар Жайық.
Далам, сенің өрің көп, көп белің көк,
Мен жырлар ем қылмай-ақ көпке міндет.
Көзім әлі көркіңе тойған емес,
Өзім әлі шетіңе жеткенім жоқ...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter