Өлеңдер ✍️
Жігіттерге жігер
Жігіттер, өкінбелік болмашыға,
Қайғы-мұң ер жігіттің жолдасы ма?
Намыстың туын ұстап тәуекел де,
Мен кепіл орта жолда қалмасыңа!
Жігіттер, мына заман кімге әрқалай,
Білерім - алдымызда сын бар талай.
Кешегі Толағайдың інісі едік
Елі үшін алып келген шыңды арқалай.
Ол рас, көңіл орта, жарым құрсақ,
Сонда да сілкінейік дауылды аңсап!
Ұқсаңыз біздің Арман сол емес пе -
Ел жүгін арқалаудан жауыр болсақ.
Қайтеміз өкінішті кеткен өтіп,
Мәреден табылайық сертке жетіп.
Біріміз бірімізге дұшпан болып
Жүрмейік жұртымызды өкпелетіп.
Өмірдің жалғандығын ұғынсақ та
Дәрменсіз айналмайық қуыршаққа.
Қайғының қанын шашып, сақ-сақ күліп
Тік тұрып жығылайық жығылсақ та!
Пайдасыз қайғы менен күлкіге еріп
Бос жүрмей,
Ойдан отау үй тігелік.
Ұрпағы Махамбеттің емес пе едік,
Ендеше сілкінелік, сілкінелік!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter