Өлеңдер ✍️
Жаным, саған сыр айтамын...
Жаным, саған сыр айтамын,
Өзіңе еді шын көңілім.
Бәлкім тағы мұңайтамын
Қайғың болып мың кеміріп.
Тағдыр бізге қоспаған-ды,
Бірге жүріп тілек қосу.
Ғұмыр кешсең тасқараңғы
Соның бәрі жүрекке сын.
Рас, сенің бақытың бар,
Тілегім сол, қалма айрылып.
Лауламаған уақытында
Енді қайта жанбайды үміт.
Саған деген сезім сыры
Жырларымда жазылды көп.
Ақыл айтам өзімсініп,
Бар ғой сенде нәзік жүрек.
Көп ойлама мен туралы,
Бір басыңа қиын болар.
Жаныңменен өр тұлғалы
Жүректе емес, миымда қал...
Көкірегіңде күй дарулы,
Қайтесің сол басты ауыртып.
Менің барлық шимайымды
Енді оқыма, таста жыртып.
Қатал үкім кестің деме,
Оған кінә өлең емес,
Менен басқа ешкімге де
Сол бір сезім керек емес.
Жеңер бір күн күдік тегі
Жүргенменен күнде ұғысып,
Өтінемін. Ұмыт мені
Өзіңе ауыр тимеу үшін.
Мен де өтірік күлдім күндей,
Тұрса-дағы жаным жылап.
Сен туралы сыр білдірмей
Өзге жанды табындырам.
Сол бір жанды бақытты етіп,
Өтсем менің арманым жоқ.
Тек сол үшін артық кетіп
Сені есіме алғаным жоқ.
Көңілімен жасын ұрған
Қайтер едім, тұрса жасып.
Жүрегінде жасырынған
Бар екен деп құпиясы.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter