Өлеңдер ✍️
Мен кетем енді. Мәңгіге кетем, келмеймін..
Мен кетем енді.
Мәңгіге кетем, келмеймін.
Томаға-тұйық томсарып қалған көлдеймін.
Оятқан өзің махаббат атты асылды
Жүрегіме әкеп жерлеймін.
Ол рас, бәлкім, сезімге сусап шөлдеймін,
Сонда да саған келмеймін.
Жылы сөзіңнен жарақат алған жанымды
Жыланның ащы уыменен емдеймін.
Мен кетем енді.
Мәңгіге кетем, мәңгіге.
Жалғайтын бізді таусылған барлық әңгіме.
Жүрегім міне мелшиген,
Жүрегім құсап түнеріп жатқан Тау міне.
Өкінбеймін мен. Өкінбе сен де.
Сірә да
Өкінер бізге қалды не?
Қош сау бол, қарғам.
Таусылмас өмір күресі.
Хәлімді менің әйтеуір бір күн білесің.
Сағыныш жайлы жыр жазсам бірақ, алданба
Сен емес оның иесі.
Келмеймін саған. Көктеммен кетем ілесіп.
Кеудеме менің шығар-ау бір күн гүл өсіп.
Жеткенше сол сәт құлатып кетпей құрдымға
Өмірге деген сенімім мені сүйесін.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter