Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
13.05.2022
129
Кездеспеймiз екеумiз. Өтедi күн...
Кездеспеймiз екеумiз. Өтедi күн.
Менсiз қалай жүрсiң сен, Жеке Гүлiм?!
Аз күнде арманыма айналып ең,
Сағым болып несiне көтерiлдiң?
Сағым болып кеттiң де сағындырдың,
Көз жасына шомылдым жауын-жырдың.
Жаныма маза бермей тарта берер
Өзiңде бiр құдiрет барын бiлдiм.
Сонда да кездеспедiк. Ай өтедi.
Сағымның жел тартқылап шәйi етегiн,
Өзiңдi сағынғаннан өлең жазам -
Мендегi сағыныштың бар өтеуi.
Осылай өтер ендi қанша уақыт,
Бiлмеймiн, соғар қашан таң сағаты?
Сенi ойламай қайтемiн жүрегiмде
Мәңгiлiк сенiң бейнең қалса жатып.
Кездеспедiк екеумiз. Өтедi күн.
Мен қазiр Мұңлық-Зарлық мекенiмiн.
Ақылыма сыймайды, осы күнi
Сенсiз қалай жүр екем, Жеке Гүлiм...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter