Өлеңдер ✍️

  13.05.2022
  128


Автор: Қазбек Құттымұратұлы

Көктемді күту

Таң сарғайып келедi, таң сарғайып,
Өткен түнiм, сен қайтiп келермiсiң?
Нұры қашқан шолпандай болсаң ғайып,
Маған қандай боларын сезермiсiң...
Өмiр қандай болады, болашағым...
Тағдыр қандай сыйлығын тұр әзiрлеп?
Бiле алмадым. Көз алдым тола сағым,
Шырқырайды жүрегiм тұрақ iздеп.
Өтедi өмiр, барлығы баяғыдай -
Кезегiмен күз келiп, көктем жетер.
Қайтем ендi көз салып саған ұдай,
Қинадың-ау деп тағы сөкпен бекер.
Адамбыз ғой төзiмi тау көтерер,
Түсiнем- деп өмiрдi не көрмедiк?
Жанымызға мәңгiлiк сәуле төгер
Сол бiр сезiм болмаса бөтен бе едiк...
Ойланбаймын.
Қайтемiн.
Өткен кетер.
Қинағым да келмейдi ендi сенi.
Күз ғой қазiр. Тағы да көктем жетер,
Көктем жетсе мұз ерiп, тоң түседi...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу