Өлеңдер ✍️
Бағытты айырмадым. Түн қараңғы...
Бағытты айырмадым. Түн қараңғы.
Тiптi де адаспас ем, кiнәлi өзiң...
Қарсыдан құлап соққан құм боранды
Құмығып жұта бердi мына көзiм...
Өңiмде, түсiмде де көп адастым,
Жанымның жанарында қалған iзi.
Келген-дi қиялдан да жоғары асқым,
Алдымнан елес берiп таң жарығы,
Әйтсе де кете алмадым қарайламай,
Тамырым жiбермедi терең кеткен.
Нұрым-ау, жете алам ба?
Саған қарай
Кеудемде бiр тылсым бар елеңдеткен.
Шiркiн-ай, қиын неткен бауыр басу,
Қоштасу тiптi қиын болады екен...
Алайда шын Арманға табынғасын
Опасыз көрiнедi мына мекен...
Мен ертең сапар шегем бiр қиырға,
Жаныма серiк болар бар ма досым?
Қалаған жаққа көңiл ұмтылуға
Дәрменiм жетер ме екен?-Таң жебесiн.
Жазылған әр сөзiмнiң сыры жұмбақ,
Мен де жұмбақ шығармын түсiнбесең...
Жалған-ау, сенiң жұмбақ қылығыңды ап
Күлкiмнiң күмiсiмен мүсiндесем...
Армандап мен осылай ойға батам,
Кеудемнiң түнегiне шамдал iлiп.
Шарықтап қиялыммен...
Бiр қарасам
Тұр екен қолын бұлғап Таң жарығы...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter