Өлеңдер ✍️
Өзім және өзге
Ойлануға уақыт көп,
Ойлануға күн келте.
Ой түбiне сүңгiп көр тiрлiгiңде үлгерсең.
Ойланумен мен дағы қанша таңды атырдым,
Әлдеқашан бiлгенмiн жақыным кiм, жатым кiм.
Бақытым ба бұл мүмкiн,
Сорым ба әлде, кiм бiлсiн?
Ал, әзiрше Ай аунап, көкiрегiмде Күн күлсiн.
Мен Әлемнiң бiртұтас жалғыздығын бiлген ем,
Бiрақ ойым оянса мазасыздау күйге енем.
Арам ойым айтады:
-Қайтесiңдер езбелеп,
Бөлiнедi бұл Әлем Өзiм және Өзге боп!
Өзегiңе кiм жақын- өзiм деп бiл, аймалас,
Өкiндiрген қайсысы, қарсы тұр да майдан аш!
...Бiздiң жақта күн батты.
Басқа жерде таң жетiп,
Бiзде боран, ал онда жатыр бұлбұл әндетiп.
Әкесi өлдi бiреудiң.
Көршi ауылда ұл туып,
Қуанды-ай бiр көңiлiнiң бүтiнделiп жыртығы.
Рас, рас. Қайтесiң, өмiр деген осылай,
Өзiм ең ғой сен кеше Өзге болдың, досым-ай.
Көп нәрсенiң әлi де сырын бiлмей өкiндiм,
Бiзге көрiнбейтұғын Айдың бетi секiлдi.
ұажайыбым көп әлi, ойдың жетпес өресi,
Ал сен неге, жаным-ау, көз жасыңды төгесiң?!
Жақын тартып, жаныңды жұбатар ем, болмайды,
Өзiң емес, өзгемiн.
Менi қинар сол қайғы.
Жалғызсырап жақсы жүр, қорлық көрiп не түрлi,
Жақындасса тебетiн аттас заряд секiлдi.
Өзiңдi өзiңнен басқа түсiнбейдi сезгенiм
Өзге жанды қинайды өзге қайғы, өзге мұң.
Кiнәламан ешкiмдi.
Түсiнiктi бiлгенге,
Өзiмдi өзiм түсiнбей аласұрып жүргенде,
Кiмге барып кiнә артам.
Сенi қинап қайтейiн,
Жүрегiм-ау, өзiң тап, кеселiңнiң айт емiн.
Мен Әлемнiң бiртұтас жалғыздығын бiлген ем,
Бiрақ ойым оянса мазасыздау күйге енем.
Сиып тұрған бiр басқа мидың екi бөлiгi
Кеңiрдектеп айтысар екi әлемге бөлiнiп.
Осы дауды шеше алмай тәркi болды тың күшiм,
Ал сен қалай шешер ең?
Айтып көршi, бiлгiшiм?!
Қиналасың қайтейiн, жауап бермей қой онда,
Тыныш өмiр қаласаң ұйықтай бер, оянба.
Ал мен күресiп жүрмiн,
Күресемiн шалдығып,
Тәңiрi салған iс осы, осы менiң Тағдырым.
Керек десе мен дағы бөлiнемiн екiге
Өзiм және Өзге боп. Екеуi де жетiмек...
Осы екеуi ғой менiң қос қанатым бiлгенге,
Бiрiктiрсем екеуiн, жалғыз болам бiр демде.
Жиегiне көз жетпес бiр Әлемге айналып,
Жатсам сосын, шiркiн-ай, осы менiң арманым!
Ал әзiрге мен жүрмiн қақ бөлiнiп екiге
Өзiм және Өзге боп. Екеуi де - Жетiмек...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter