Өлеңдер ✍️

  13.05.2022
  170


Автор: Сайламқан Мұстақиұлы

Дәрігердің айтқаны болсын жаңсақ

Қайдан шығат бұл жөтел жел болмаса,
Суық қатқан өкпеге тер болмаса.
Көкіректе сырқаттың болғаны ғой,
Дəрі-уколдың бірі де ем болмаса.
Екі өкпені жүргенде қолға алып,
Сүрінгенше сүлдерің жолда қалып.
Шыдай тұрсаң үмітті үзіп алмай,
«Жолыққанша бақытқа» жолдама алып.
Ауырады қалайша өкпе неден,
Ашық еді көңілім көпке деген.
Ес білгелі ойласам күндерім жоқ,
Адам түгіл, Аллаға өкпелеген.
Барып едім ем іздеп дəрігерге,
Қымыз жақсы деді ол бəрінен де.
Қымыз ішсем бірер ай тыным алып,
Мүмкіндіктер бар екен əлі менде.
«Көктің суы» көшенің бəрі қымыз,
Қайдан ғана табылар дəрі қымыз.
Көңіліңді көншітіп, кеудеңді ашар,
Сарығыңды басатын сары қымыз.
Жазылмай ма орыстың арағына,
Жазылмай ма француз шарабына.
Сүті ғой деп биенің сатып алсаң,
Шашаласың сиырдың шалабына.
Тексергенде дəрігер қарап көріп,
Кетіпті дейд өкпеңіз газға толып.
Сора берсек қаланың улы газын,
Жарыла ма бұл өкпе бомбы болып.
Кеттім сонда шарқ ұрып даланы аңсап,
«Сары жайлау» деп тұрыппын тағы да əн сап.
Қымызын ішіп жайлаудың жазылармын,
Дəрігердің айтқаны болсын жаңсақ...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу