Өлеңдер ✍️

  12.05.2022
  437


Автор: Сабырхан Асанов

Елуге келдім, өсірген мені елім-ау...

Елуге келдім, өсірген мені елім-ау,
елуге келдім, көкорай шалғын, белім-ау.
Елуге келдім, ақ басты боран тауым-ау,
елуге келдім, толқыған мөлдір көлім-ау.
Елуге келдім, күндізім-ау, күнім-ау,
елуге келдім, жұлдызға толған түнім-ау.
Елуге келдім, өтіп бір кеткен ата-анам,
елуге келдім, өскен бір қызым, ұлым-ау.
Елуге келдім, жақыным-ау, досым-ау,
елуге келдім, ақ таңым-ау, кешім-ау.
Елуге келдім, бар болсаң егер, қасым-ау,
елуге жыл тұрдым әлемде жарық осынау.
Елуге келдім, қаһарлы қырау, ызғар-ау,
құлатқан тасқын терең бір шатқал,
құздар-ау.
Елуге келдім, қап-қара шашым аппақ боп,
қайтіп бір айттым сендерге мұны, қыздар-ау.
Елуге келдім, жалғыз бір інім, жаным-ау,
әпкелерім-ау – анамнан соңғы кәрім-ау.
...Қызығы біткен күзгі бақ суып кетті ме,
қайтайық үйге,
қолтықтан алшы, жарым-ау...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу