Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
12.05.2022
167
Күлімдеген, жаным-ай, күлімдеген...
Күлімдеген, жаным-ай, күлімдеген,
көңілсізбін көрмесем күнінде мен.
Сен үйімде жүрмесең жарқыл қағып,
бақытым да,
бағым да – білінбеген.
Көңілім әбден қалса да елден кей көп,
бірін көздеп атқам жоқ мергендей боп.
Сен бір жақтан оралсаң, қуанамын,
әке-шешем тіріліп келгендей боп.
Бір өзіңе теңеймін ауыл бағын,
өзің барда – самал да, дауылдамын.
Өзің барда әп-сәтте көбейемін,
үйге толып кеткендей бауырларым.
Отбасымның ардағы, ары да сен,
өзің болсаң үй-іші – жарық, әсем.
Көңілімді аулайтын достарым да,
алыс-жақын жекжатым – бәрі де сен.
Зар емеспін сен барда күтімге мен,
біздің үйде тік ұшар түтін деген.
Мына жыртық дүниеде сеніменен,
сеніменен ғана мен бүтінденем!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter