Өлеңдер ✍️

  12.05.2022
  145


Автор: Сабырхан Асанов

Қызғаныш

Келсін кезің ақылды да саналы
шүкір-шүкір – қызғанасың сен әлі.
Көкешім-ау, қорғаштайтын әркімнен,
қалған жоқ па сиқым менің шамалы.
Өз бойымда секілді бір аздай мін,
мен де өзіңнен екі көзді жазбаймын.
Қапылыста қарап қойса біреулер,
өртенгеннен өліп кете жаздаймын.
Сезіп қалсаң,
көзді жасқа була да,
мендегі сол іштарлықты сұрама?!
Қызғаныштан жұрдай мына заманның,
Отеллосы мен болармын сірә да.
Екеумізді жаратқан ба бірдей ғып,
жатқанымыз бір жарылқап, бір кейіп.
Күнәсі жоқ Дездемона секілді,
бостан босқа мерт боп кетіп жүрмейік.
Абай айтқан ақыл сөзде арай мол,
сабырлылық сақтай дейді қалай да ол!
Жұрттың бәрі Абай бола бере ме,
мен сияқты дүлейден сен абай бол.
Өтсін мейлі жастық өмір асыға,
азды-көпті бақыт сыйлап басыңа.
Үлкенсің бе,
кішісің бе – ісі жоқ,
бұл қызғаныш қарамайды жасыңа...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу