Өлеңдер ✍️

  12.05.2022
  194


Автор: Сабырхан Асанов

Бұл жастық шақ тауысқанда төзімді...

Бұл жастық шақ тауысқанда төзімді,
жағып қойып оттай екі көзімді,
Алматыда толып жатқан қыздардың
арасынан тауып алдым өзіңді.
Көңіліміз көктемдей бір күйге еніп,
қол ұстасып жүруге әбден үйреніп,
көп кешікпей бір кісіге айналып,
алдық сосын біздер тез-ақ үйленіп.
Енді, міне, әжеміз де, атамыз,
құрандай боп естіледі батамыз.
Балалардың қамын ойлап келісіп,
керісіп те қалып, кейде жатамыз.
Сондадағы сөгілген жоқ іргеміз,
біз біргеміз,
шүкір, әлі біргеміз –
ақ отауға алғаш рет кіргенде,
мәңгі тұрып қалу үшін кіргеміз!
Еркекке ерте енбесе егер ес деген,
қателігім қалды ма сен кешпеген.
Алматыда арманға қол созғанда
Сені қайдам,
менмін қателеспеген.
Сені өсірсе Жетісудың ен бағы,
аспанымен ұшып кеп ем мен дағы.
Мен өзіңмен бірге жүріп қуансам,
өкінбесе екен деймін сен дағы...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу