Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
12.05.2022
159
Күлкің бар сенің, күлкің бар...
Күлкің бар сенің, күлкің бар,
күлкің бар өзім байқаған.
Күн бар ма оны бір тыңдар,
бір тыңдар, жаным, қайтадан.
Шалқалап, шалқып күлгенде,
аппақ бір тістер ақсиып,
қас қағым сәтте, бір демде,
кеудеме кеткен бақ сиып.
Балбырап балғын жас қылық,
ақ бұлт боп ұшып ойда арман,
буынға түсіп, мас қылып,
ақ ләззат сонда бойды алған.
Асыққам,
қатты аптыққам,
қызыл тіл жіпсіз байланып,
адамға бітпес шаттықтан,
жұмыс бас кеткен айналып.
Қанша жан бәлкім аңсаған,
сәт кештім бастан қиялдай.
Мен сонан соң-ақ,
мен сонан
есімді кеткем жия алмай...
Күлкің бар сенің, күлкің бар,
күлкің бар өзім байқаған.
Күн бар ма оны бір тыңдар,
бір тыңдар , жаным, қайтадан.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter