Өлеңдер ✍️
Көрсетпестен қабағыңды түйілген...
Көрсетпестен қабағыңды түйілген,
Жайнап шықсаң үйімнен – өз үйіңнен,
өтсем деймін өмір бойы аялап,
өтсем деймін маңдайыңды сүюмен.
Кейде ашумен саған қатты ұрсамын,
келмегені онда әлімнің, мұршамның.
Алдап кете жаздағандай үмітті,
көз алдыңда көлбеңдеген тұр сағым.
Мына өмірде қоныс құтты, өріс кең,
күндерді сол көргім келмес керіскен.
Бұл ойларды көбінесе ойлаймын,
өзің ұйықтап жатқан кезде, періштем!
Бір кездері бермеуші едің айна алдын,
енді ол күнді ұмытуға айналдың.
Даусы қатты шыға ма деп қаймығып,
қалтыраған кірпігіңнен айналдым.
Түсіне алмай, кейде оңаша ойландым,
үйір болды деп біздерге қайдан мұң.
Жұбатпақ боп мені өзіңше қуланып,
күлімдеген көздеріңнен айналдым.
Бәлкім талай сен де өзіңше ойландың,
орны болып шықпасақ деп ойранның.
Көңілің қалып қанша менен тұрса да,
сыр бермеген сөздеріңнен айналдым.
Бермеуші ең-ау, бір кездері айна алдын...
Сол ойларды сені оңаша қинаған,
көтерейін мен-ақ бәрін, қи маған.
Маған ыңғай шаттығыңды көрсетші,
қуанышты тар кеудеңе симаған.
Қандай сұрақ көздеріңде иілген,
көкірегіңе көңілсіздеу күй ілген.
Маған ыңғай ырысыңды нұсқашы,
бақытыңды бір басыңа үйілген.
Алау баста ақыл деген сақшы жүр,
ассын десең әзірге аздау, тапшы жыр,
аудара сап бар азапты бір маған,
жабырқамай, жатырқамай жатшы бір...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter