Өлеңдер ✍️
Хош, хош, қайың, ақ қайың, хош, ақ қайың...
Хош, хош, қайың, ақ қайың, хош, ақ қайың,
ең соңғы рет мен сені құшақтайын.
Ең соңғы рет мен сені сүйіп тұрып,
жүрегіңе жүректі қосақтайын.
Ең соңғы рет елбіреп егілейін,
көкірегіңе көз жас боп төгілейін.
Ең соңғы рет үзіліп омыртқа боп,
қабырғадай қасыңда сөгілейін.
Хош, хош, қайың, ақ қайың, хош, ақ қайың,
ең соңғы рет мені сені құшақтайын.
Бақыт деген бұлдырап ұстатпайды-ау,
бала күнгі сағымдай қусақ дәйім.
Құшақтайын кел, жаным, құшақтайын.
Жалаң аяқ шалғында дірдектеген,
сеніменен күн неге бірге өтпеген.
Қарағайдай қасыңда тұрып алып,
қарар едім қайыспас құрметпенен.
Мынау орман,
жайнаған нұр-көкпенен,
мынау жолмен – шұбаған дүрмекпенен,
бірге тастап мен сені кетіп барам,
қайта алмас боп жағымнан бір беттеген.
Білсе-дағы бар жайды бағана аңдап,
қимас көңіл қиналмақ тағы алаңдап:
қара орманға құлаған ақша бұлттай,
көз ұшында қаларсың ағараңдап...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter