Өлеңдер ✍️

  12.05.2022
  360


Автор: Сабырхан Асанов

Тас-талқан ғып тірлігімді жаулаған, ақ Шолпаным...

Тас-талқан ғып тірлігімді жаулаған,
ақ Шолпаным,
таң алдында жаураған
сен кембісің Абай айтқан Тоғжаннан,
Петрарка жырға қосқан Лаурадан.
Талай ғасыр ақын біткен жыр еткен,
сен кембісің Баян сұлу, Жібектен.
...Абайламай атқан оғың тиеді-ау,
аяқтан да, бастан да емес – жүректен.
Алқындырып алдырмаған жайлы дем,
сен кембісің Мәжнүн сүйген Ләйліден.
Сен кембісің ержүректі Еңліктен,
Құлагерден – қайтпай қалған бәйгеден.
Ғашықтар көп кеш те өткен, ерте өткен,
елес берер аңыз, жырдан, ертектен.
Сен кембісің жап-жас Джульеттадан,
қарт Шекспир қимай әрең мерт еткен.
Айнымайтын шыңға біткен шынардан,
Шырын болса, Фархад үшін шын арман.
Сен кембісің Жәмиладан жалын-өрт,
ай әлемге Шыңғыс атын шығарған.
Жаз таңымсың, жарқыраған арайсың,
жасыл бақтай жәудіреп бір қарайсың...
Жұрт қатарлы жырлауға мен жарасам,
жұрттан артық жырлатуға жарайсың.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу