Өлеңдер ✍️

  12.05.2022
  174


Автор: Сабырхан Асанов

Еркетайым, әкетайым, ақтайым...

Еркетайым,
әкетайым,
ақтайым,
жалбыраған жазғы жасыл бақтайын.
Өзге емес, өзімсің ғой, өзімсің,
кысылмастан қалай сені мақтайын.
Жастық өтті улап-шулап, ақ таң боп,
айтатұғын ұраны ыңғай «аттан» боп,
қызыққанмен қызыл-жасыл гүлдерге,
мен бәрібір бір өзіңді сатқам жоқ.
Мен бәрібір теңгергем жоқ біріне,
барлығынан таза да едің, ірі де.
Тұратынсың ыңғай маған нұр шашып,
ай аялдап,
күн қонақтап түріңе.
Арасынан аман шықтың солардың,
белгісі де болар, бәлкім, сол– ардың,
Ақ қазығым,
сені айналып жүргенде,
жұлқынған да,
бұлқынған да болармын.
Әлге дейін ажырамай арамыз,
біздер бас боп еріп қанша баламыз,
тырналардай көк аспаңда тізілген,
тәртіп бұзбай бірге кетіп барамыз...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу