Өлеңдер ✍️
Ақынның әйеліне
Белгілі күнің сенің күн емес бұл,
сен жансың жарың үшін тілеулес бір.
Ол күлсе, күліп бірге мәз боп қалып,
көзінде көлбеңдейді нұр елес кіл.
Жүргенің жалғыз соның қамын ойлап,
«жатып бір дем алсайшы, жаным-айлап»
Бір соған бар ықыласың ауып кетіп,
ұмытып өзіңді өзің, танымай қап.
Сонымен түн өтеді, таң атады,
бастайды тірлік күйін қала тағы.
Қылаусыз күтім көрген қайран ақын,
құлпырып қызметке баратады.
Тынбайсың,
ол жоқ кезде тықырлайсың,
бар істі бітірмек боп тыпырлайсың.
Ол келсе, ойын бөліп алмайын деп,
шашылған үйінді де сыпырмайсың.
Қайсысы– шай керек пе, ет керек пе,
тартасың алдына әкеп елпелектеп.
Балалар бөлмесінен айқай шықса,
тынасың бәз біреуін желкелеп кеп.
Отырар сол кезде ақын қоқиланып,
тоқтаса, жазғанынан оқи қалып,
қыздарға арналған көп жырларының,
жөнелер жалындаған оты үйді алып.
Ісі жоқ қулықпенен, күнәменен,
лапылдап барып, барып тынады әлем,
Тісінді тіске басып сен тұрасың,
жарыла жаздап сонда шыдап әрең.
Түнеріп қабағың да ай көрінер,
қаттырақ қымқырылар кайғы-еріндер.
...Кім білген, қызғаныштан күйіп жүріп,
бақытты болған шығар Әйгерімдер...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter