Өлеңдер ✍️

  12.05.2022
  150


Автор: Сабырхан Асанов

Тіл емес, ет жүректер сайрағанмен...

Тіл емес,ет жүректер сайрағанмен,
қалмады-ау құның сенің, қайран өлең.
Заманға түк түсінбес кез келген соң,
сен жайлы не бітірем ойлағанмен.
Тең емес,
көп нәрседен кем боп тұрсың,
айтады бір басыңа ел боп бір сын.
Қазірді,
келешекті қайдам, қайдам,
тек қана өткен күнге ем боп тұрсың.
Ежелден атаушы еді ел ар тауы деп,
өрнектің сөгілмейтін арқауы деп.
Бұл күні саған бар жұрт мал тап дейді,
сұлулық қашан ғана мал тауып ед.
Күн сайын көк жұлдызын жақса қолдан,
ақ таңда құс үніне бақша толған.
Ақша бол дейді саған бүгін бәрі,
күн нұры қашан ғана ақша болған.
Ел едік ақылы көп, ақыны көп,
жақсының дейтін сені жақыны деп.
Кітап боп қымбат-қымбат сатыл дейді,
жан сыры қашан ғана сатылып ед.
Кезің жоқ қыз қылығын ауламаған,
саспадың сәттерде де жау қамаған.
базарға салған кім бар қуанышын,
Көз жасын кім бар, кім бар саудалаған.
Ай-күннің толған кезде толғағың кеп,
Аспан мен жар арасын толғадың көп,
тиынға шағып сонда жатты сені,
картошка,
капустадай болмадың деп.
Айта алам тағдырыңды болжап қандай,
қайғырам ішімде бір шал жатқандай.
Болған соң бағалаушың бүгін мұндай,
түнекте шамаң бар ма шам жаққандай.
О, менің қазақ болған қасиеттім,
салмағын сезем сендік қасіреттің.
Бүтін бар болмысынды бір жан ұқпай,
менімен бірге өмірден жасып өттің...
Тіл емес,
ет жүректер сайрағанмен,
қалмады-ау құның сенің, қайран өлең.
Заманға түк түсінбес кез келген соң,
сен жайлы не бітірем ойлағанмен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу