Өлеңдер ✍️
Беташар
Келін, келін, келіп тұр қасымызға,
Келін, келін, келіп тұр қасымызға
сәлем салып үлкенге, жасымызға
толғалы тұр гүл болып үйімізге,
қонғалы тұр бақ болып басымызға.
Күлкі болып үйірілмек ернімізге,
мүлдем ұят мұң шағу енді бізге.
Қуаныш боп,
шаттық боп халқымызға,
жұбаныш боп тәубешіл елімізге.
Келін, келін, келіп тұр төрімізге,
мін ғып ешкім таға алмас оны бізге.
Баяғыша қалдырмай босағада,
жетелейміз биікке, өрімізге.
Жалын болып жанбақшы көзімізге,
қуат беріп,
әл беріп сөзімізге.
Өзге болып табалдырықты аттағанмен,
тез айналар түрі бар өзімізге.
Келін, келін, келіп тұр ырыс болып,
салтанаты,
сән-салты дұрыс болып.
Көптен бері жүргенмен көңлімізде
бүгін ғана біткен бір бір іс болып.
Бүгін ғана біткен бір жеңіс болып,
қаһармандық,
ерлікпен тең іс болып,
Алажаздай баптаған бақша-бауға,
күзді күні кеткендей жеміс толып.
Келін, келін, келіп тұр абырой боп,
мұндай сәтте ұшқыр ой, алғыр ой көп.
Аспанымыз жұлдызға толы бүгін,
тебемізден тамғалы балбырайды от.
Мұндай сәтте елгезек көңіл деген,
көз саламын думанды өңірге мен.
Ұрпағымен ұзарып, алыс тартып,
осы екен ғой үзілмес өмір деген.
Келін, келін келіп тұр Айдай болып,
іштер еріп оттағы майдай болып.
кірпіктері төгіліп төмен қарай,
қара қасы иіліп, жайдай болып.
Именсе де қарауға ел бетіне,
мен жақсылық тілеймін, сен де тіле.
Айналайын жарық кып сәулесімен,
нұр таймасын, жайнаған келбетінен.
Келін-келін, келін тұр күндей болып,
Қара шашы қап-қара түндей болып.
Сыңқылдайды қыз-қырқын қасындағы,
бұлақ жақтан естілген үндей болып.
Қызумен құлпыртып қыр-даланы,
балбыратып,
балқытып тұр қаланы.
күн дегенің сөнбейтін мәңгілік қой
күндей келін, күніге жырланады.
Келін, келін, келіп тұр көктемдей боп,
көңілдердің кірбіңі кеткендей боп.
Мейірімді,
таусылмас шапағаты,
жер бетіне түп-түгел жеткендей боп.
Жер бетіне түп-түгел тарағандай,
жердің беті тек соны қалағандай.
Қызыл ала қызғалдақ қырға шығып,
қызықтырып ел-жұрты қарағандай.
Ағалар жүр ақ көңлін айта алмастан,
інілер жүр өзара тай-таласқан.
Балалар жүр келінді көрмек боп кей,
үйлеріне жап-жақын қайта алмастан.
Жекжаттар жүр келген ат сабылдырып,
той-думанға бар еркін бағындырып.
Аққу құстай таранып тұрған келін,
қойған бәрін таңғалтып, табындырып.
Достар қанша сәтке бұл ортақтасқан,
жаттай болып бірі жоқ жалтақтасқан.
Қарақұрым ағайын қаптап кетіп,
қағысады жүруге жол таппастан.
Езуінен күлкісі арылмастан,
кім айналмас жүгірген қарындастан
Ата-ене жүр сүрініп етегіне,
жүректері сәл ғана жарылмастан!
Алдымызда– екі жас– екі ғашық,
болған еді бұл күнге жетуге асық.
Құт болсын деп қадамы бәрімізге,
келінжанның берейін бетін ашып.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter