Өлеңдер ✍️

  12.05.2022
  225


Автор: Сабырхан Асанов

Көктем

Кәрі қыстың таусылып амалы ескі,
жақұттай бұл көктемнің жамалы өсті.
Қызыл жел тұрып қырдан қызғалдақты,
жасыл бақтан жап-жасыл самал есті.
Бұлттанса бөктері, қиялары,
көкіректер көк таудан күй алады.
Жап-жалаңаш тамшылар жерге түсіп,
жасырынып жас көкке, ұялады.
Жайнағанмен жанарым шашардай нұр,
ентігемін мен еркін аса алмай қыр.
Аспан мен жер,
тау мен көл жасарғанмен,
менің ғана өмірім жасармай тұр.
Жарқ ете қап бір жақтан күн күледі,
масайтады өлкемнің түнгі лебі.
Маған көңлін бөлместен жүрген жас шақ,
дұрыс істеп жүр ме екен, кім біледі?
Құлпыра бер сонда да көктем, көктем,
кеткен-кеткен дейміз де,
өткенді өткен.
Неге мұнша мен сені жақсы көрем,
кездерің көп болса да өкпелеткен...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу