Өлеңдер ✍️

  12.05.2022
  520


Автор: Сабырхан Асанов

Т. Молдағалиевке

Сен– Алатау,
мен– Сыр жақтан болсам да,
кейде тойып,
кейде мұздап, тоңсам да,
кішкентайдан
өстім сені ағалап,
әлге дейін
келем жанап, жағалап.
Күндіздей ғып
шамын жарық жақса ішің,
жайнамадың
арзан атақ, ақша үшін.
Бөлінбейсің
ауылға да, аймаққа,
жан біткенге
жаттығы жоқ жақсысың.
Арманыңда
көп болар-ау аңсаған,
күнде күліп
атпаса да таң саған,
алдымызда
аман жүрсің мойымай, мың шүкіршілік
етем бүгін мен соған.
Сыр да шерттің
сырласыңа ерінбей,
пейілің бар
дүниенің төріндей.
Ертелі– кеш
елең ете қаламыз,
бес-алты күн
төбең кетсе көрінбей.
Тілемейсің
елден ерек артық бақ,
әлің барда
алыстарға тартып бақ.
сені бүгін
келді дейді алпысқа,
жүзге де жет...
жеңгемізді қолтықтап.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу