Өлеңдер ✍️
Оралдың даласы кең...
Оралдың даласы кең
қүшағың жетпейтіндей,
бір келіп, біліп кетсең,
есіңнен кетпейтіндей.
Оралдың өзендері –
өмір бір өз алдына,
тулаған сазандары
келеді көз алдыңа.
Көлдері қандай нұрлы,
саялы тал-бақтары,
ал, қызы, ал, қыздары
кімге жыр арнатпады.
Орал қырларында
мал жатыр қаптап қанша,
болса да қанша аязы,
болса да аптап қанша.
Халқы да халық емес,
секілді дала-бағы,
қарасаң ұшақтардан
қаптаған қалалары.
Елдер де жатыр қанша,
ерлер де жатыр қанша,
тоқтатпас тірлік қамын,
күнді әбден батырғанша.
Бәйгеде бір-бірінен
алқынып оза ма аттар,
бар мұнда сондай алғыр
арынды азаматтар.
Күй тартып, дауыл тұрса,
алмайды қурай тыным,
бар қанша бауырларым,
кіл көсек турайтұғын.
Күй пірі– Құрманғазы,
Дина апам тіріліпті,
өнерден өр ұрпағы,
байқатса ірілікті.
Тұсаусыз қол-аяғы,
ойы да азат бүгін,
кел мұнда көрем десең,
қазақтың қазақтығын.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter