Өлеңдер ✍️

  12.05.2022
  140


Автор: Сабырхан Асанов

Европа нақ төрінде тұрмын мен...

Европа нақ төрінде тұрмын мен,
Берлин– жайнап,
тас төбеде күн күлген.
гүлге оралған нұрға оралған көшеде,
бірге жүріп келем неміс құрбыммен.
Қандай жақсы бірге жүріп, бір күлген,
мұндағы өткен бір күн артық бір күннен
Күзді күні көріспегенге өкінем,
кеше ғана ұшып кеткен бұлбұлмен.
Сайрасар ма ек біздер ұзақ бас қосып,
тыңдар ма еді құлағын қарт, жас тосып.
Қалар ма еді бақытымыз байып бір,
алар ма едік жасымызға жас қосып.
Қуат алып достық атты нұр күннен,
құшақтассам Берлиндегі құрбыммен.
...Кеше әкеміз атысқан-ау біздердің,
дегенге әсте сене алмастан тұрмын мен!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу