Өлеңдер ✍️

  11.05.2022
  486


Автор: Қаршыға Есімсейітова

Анаға тағзым

Ана: Сыр Анаға тамған еңбек терім бар,
Сыр Анадан алған ыстық демім бар.
Егіз Өмір қатар ағып келеміз,
Сол толқында замандасым, ұрпағыммен теңім бар.
Өмір Мені Жер-Анаға байлады,
Ұмсынбадым қолжетпеске Айдағы.
Ен байлығым - туған жердің төсінде
Қалың елім Сырдың бойын жайладым.
Жаным тыныш. Ұрпағым бар саналы,
Өркендетті ауыл менен қаланы
Шат күлкілі сәбилер жүр соңымда,
Бөлеп нұрға Күн менен Жер - Ананы,
Ұрпағы: Уа, Дариға!
Ана! Саған мың алғыс!
Құшағыңа гүл менен мол қуаныш,
Сыйлаймыз біз, бар Адамзат баласы,
Бас иеміз. Бір өзіңе мың алғыс.
Мейрім төккен. Өмір сепкен жүрекпен,
Айналайын, деген сөзің жұбаныш...
Қоғамдағы орыныңмен мерейлі,
Ана саған, Мәртебелі мың алғыс!
Ана: Айналайын, қуанышым ұл-қызым,
Бағың жансын, жоғары боп жұлдызың...
Мәңгі орнап ырыс, дәулет, тыныштық,
Туған жерді түлетсін Ер - жұлдызым.
Ұрпағы: Жарық дүние үшін өтелер ме?
Ана, саған қарызымыз
Әсем гүл мен сәби үшін
Ақталар ма парызымыз.
Әлемді мынау алақаныңызда,
Әлдилеу үшін дарыдыңыз.
Сізді аялау біздің үлкен парызымыз.
Ана: Жалғасым менің ұрпағым - ұлым азамат
Бабадан қалған ұлтының сөзі қазанат,
Отымды мәңгі сөндірмей ұрпақ өсірер,
Келінім саған - Шаңырақтың бауы аманат.
Келін: Кереге жайып, уықты қадап нықтадым,
Батаңды Ана, жан - жүрегіммен құптадым
Қазақтың нәрі - ұрпағын жалғай берермін,
Заманның лебін жаныма түйіп, ұққанмын.
Басымды иіп, өзіңді қадір тұтқаным...
Ана: Шырағың жаным, заманмен алға өсе бер,
Ұл - қызың өсіп, қызықты дәурен кеше бер.
Бір қауым елге жөн сілтей берсін Аналар,
Заманның лебі тоқтамай мәңгі есе бер.
Келін: Ұлың да өсті, қызыңда өсті бойжетіп,
Бозбала жүрер сұлулар жаққа ой кетіп.
Бір ауыл жағы дүркіреп жатса қыз кетіп,
Думанды - сауық құрады бірі той жетіп...
Бойжеткен, бикеш, боласың сен де қалыңдық,
Ақжелең киіп, орамал біз де тағындық,
Жат жұртқа сен де жаралған жансың әуелден,
Гүл - көктем, Өмір, Ана боп міне танылдық.
Қыз: Сезімге толы жүрегім міне, жеңеше,
Жайқалып өстім, лайық боп гүлге теңесе.
Сырымды саған ашамын - Анам сезсін деп,
Үкілі үміт сәулесін жаққан жеңеше.
Ерте ме, кеш пе, анамның жолын жалғаймын,
Шырағын жағар Азаматымды таңдаймын.
Бар Әлем менің уысыма келіп түскендей,
Бақыттың тәтті уызын ішіп талғаймын,
Анамның жолын ақ періштелерге жалғаймын.
Ана: Шырағым жанып, айналам Бақыт құшағы,
Мөлдірей ағып Сыр өзен жақұт құшады.
Екеумізге ортақ Бақыт пен Байлық мекені,
Шаттыққа бөлеп, биікке алып ұшады.
Еңбегім сіңген, іздерім қалған төсінде,
Далама қарап, жастығым түсер есіме.
Бүгінгі ұрпақ, мәпелеп отыр ұл - қызым,
Шақырып мына салтанат құрған кешіне.
Осының бәрі Елімнің Ерімнің қосқан үлесі,
Аллаға шүкір, жасырам оны несіне?
Ұрпағымныі саулығын тілер Қамқоршым,
Аталарыңды да ертіп келдім, кешіңе...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу