Өлеңдер ✍️

  11.05.2022
  182


Автор: Қаршыға Есімсейітова

Зейнолла Шүкіровке арнау

Кестелі сөз. Кермек дәмі өмірдің,
Еншісі боп, тағдырыңды өрдің де.
Әдемі әуез көркі болып көңілдің,
Рахатын жыр шабыттың көрдің бе?
Бала– ғұмыр шат күлкісі естілмей,
Теңіз шуы жан – дүниеңді тербетті.
Жаңғырығы сол жылдардың ескермей,
Ана әлдиі, көз жасы да кермек– ті...
Теңіз әні... жан– дүниеңмен жалғасып
Сені өзіңе ғашық етті Муза қыз.
Үміт оты бір Бақытқа алмасып,
Алыстарға алып қашты құла дүз.
Қаламыңа қуат берді бір Құдай,
Армандарың алып ұшты қаламға,
Дауылдайын жыр да туды бір ұдай,
Жан сырыңды жеткіздің бар адамға.
Сен Алланың пендесі едің сүйікті,
Жігеріңді жанып алған жырлармен.
Басыңа мол тауқыметті үйіпті,
Бір өзіңе мәлім жұмбақ сырлармен.
Құрыштайсың, Адамзаттың баласы,
Жеңе білген өмір тезін күреспен.
Теңіз – ғұмыр, Табиғат ол – Анасы,
Ығыстырған қайғы – дертті сірескен.
Жал – жал толқын жағаға кеп құлайды,
Сенің өмір жырларыңдай ағылып.
Жеңе білген өжеттікпен Құдайды,
Жыр арнадым аға, Сізді сағынып,
Кәне, кім бар тойға шашу сұрайды?
Келіп тұрмын жырдан алқа тағынып!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу