Өлеңдер ✍️

  11.05.2022
  227


Автор: Қаршыға Есімсейітова

Алаштың ардақтыларына

Ойлы кезең, ойға тартты келелі,
Халқым бодан момын жатқан ел еді.
Ұлт ұлдарын тас түйін ғып ширатты,
Заман үні, саясаттың елегі.
Алма - кезең, уақыт тезі таразы,
Жайсаң ұлдар қоғамына наразы.
Халық үшін жанын пида еткендер,
Сана улаған бодандықпен аразы.
Ұлт тағдыры, ой - арман да көп еді
Идеялар шарпысуға дөп еді.
Зиялылар Алаш үшін бірігіп,
Ұлттық - сана, білім дәнін себеді.
Жер бетінен жаманатты көшірмей
Тынбай халық тасқындады нөпірдей.
Білте шамның жарығындай үмітті,
Зиялылар сақтап қалды өшірмей.
Алашорда ұран болды қазаққа,
Сан ғасырлық төзбей қанау, азапқа.
Әлихан мен Мустафаның арманы,
Тарап жатты сахараға, алапқа.
Алаш. Қоғам. Қабыспады тоғысып,
Идеялар бір - бірімен соғысып,
Халқын сүйген озық ойлар бірікті,
Ұлттық сана ой жемісі толысып.
Азап та, арып - ашып талғандары,
Озық ой, соны соқпақ салғандары.
Кейінгі ұрпақтарға өшпес мұра,
Алаштың ұлдары боп қалғандары.
Ей, ұрпақ, өткенді ойла тасынбағын,
Жаныңның жаны қайрап жасындарын.
Аңсап өткен Тәуелсіз осы күнді,
Уақыттан озып туған асылдарың.
Ол - Сәкен, ол - Мағжан парасатты,
Ту еткен ұлт ұранын - Алаш атты.
Мұхамеджан, Тұрар, Халел, Мұстафаның,
Жүрегіне зіл - жала жара сапты.
Сол жара желтоқсанда жарылғандай,
Кеңестік демі бітіп, тарылғандай.
Бойдағы намыс, жігер, қайрат тасып,
Ұмтылды тас құрсаудан арылғандай.
Жалғастырды өткенді, біткен әнді,
Қарсы алуда ұрпағың күткен таңды.
Қайсар мінез Ағалар ұшқынындай,
Желтоқсанда ұл - қыздарың от боп жанды.
Қол жеткізген сан ғасыр асқанында,
Бүгін биік тұғырың, аспағың да.
Халқымыздың елдігі - Тәуелсіздік,
Желбірейді көк ту боп аспанында




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу