Өлеңдер ✍️

  10.05.2022
  222


Автор: Жүрсін Ерман

Гүлрухсор

ГҮЛмісің,
РУХымбысың,
СОРымбысың?!
Бәрібір, қалқам маған қолыңды ұсын.
Қаталап жүргенімде,
қанатыңмен
Су сепкен өзің ғана керім құсым.
Кәусарым енді сенсің сусар менің,
Сағынған саумал желім, жусан лебім!
Жолыма сенен басқа кім шашады
Хош иіс райхан гүлін Душанбенің.
Жайсаңын сендей көрген жоқпын қыздың,
Сен маған қарағым деп ат мінгіздің.
Жел толып құшағыма қуаныштан
Келешек күндеріме қақтым тізгін.
Жүргем жоқ кедергінің бірін де елеп,
Білмегем қалай сенен бұрын дерек.
Жетуім керек менің мақсатыма,
Тілеулес жан тұрғанда сүрінбе деп!
***
Қара түндерде жұлдыз боп,
түзді есіме алып,қырға ақтым,
Біз басып өткен жолдардан ізді кесіп алып, жырла, ақ түн.
Айырылып жолың кетсе де,қайырылып маған бейуақта,
Сыздап бір үнсіз көкейің үздігесің бе әлі,ырғақтым?!
Сызылтып аққу – ән салсаң, есіңде арман шығармын,
Шықпайсың неге сәуірдің кешінде алдан, шынарлым?
Маужырап мақпал кештерде,
тосушы ек арман – төсті өрге,
Солқылдап мүмкін мен сенің төсіңде қалған шығармын?!
Сағыныш құсы сенделіп, тағы ұшты-ау аспан жолдармен,
Қамығу жырын гөй-гөйлеп, бағы ұштаспаған жандармен.
Қасымда болсаң қарайлап, қарағым мені қолдар ма ең,
Қай жаққа кетіп барамыз тоғыспас тарау жолдармен?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу