Өлеңдер ✍️

Тәуелсіздік тарихына таласу
Ол кезде мен жігіт едім жастау шын,
Қоғамға да естілмеген еш даусым.
Алаша хан зиратына кідірдік,
Өзбекәлі Жәнібеков – бастаушым.
Ел молдасы оқып сүре-аятын,
Кез болғанда қолды көкке жаятын
Жәнібеков сұрақ қойды:
– Бұл жерде
Кім жатқанын білемісің, ей ақын?
Жәнібеков кісі еді ғой бір беттеу,
Айып емес хатшы алдында дірдектеу.
Мен күмілжіп қалып едім,
Өзекең:
Тарихыңды керек, – деді, – құрметтеу!
Күн көсемнен білуші едік кімді өзге?
– Қазағыңның басын қосқан бір кезде,
Абылайға үлгі болған айбаты
Ақназар хан жатыр осы күмбезде!
Тәлім алған Өзекеңнің мысынан,
Содан бері... күмбез көрсем, қысылам.
Қазағымның ерлерінің бірі-ау деп,
Күмбездерге дұға етемін тұсынан.
Талай ерді келмедік пе танымай,
Соның бірі – ардақты хан Абылай.
Үш жүз жылға толғаныңды ұрпағың
Білмей қалу мүмкін боп тұр, Ханым-ай!
Батыр емес,
Бүрсеңдеген пақырмыз,
Тек тарихты бұрмалауға батырмыз.
Есіміңді ұмыттыру үшін біз
Тыңшылардай
Үн шығармай жатырмыз.
Өмір сүру қолайлы ма мықты ұлсыз,
Патша да үнсіз.
Уәзірлер тіпті үнсіз.
Түркістанда жатқан ұлы хан емес,
Қапастағы қамаулы бір тұтқын – сіз!
Өлсеңіз де, Қаһары бар күшсіз бе,
Қауіптеніп қарап жүрміз біз сізге.
Кемеңгерім келіпті деп 300-ге
Кім жасайды торқалы той үш жүзге?!
Туғаның да,
Өлгенің де бізге анық,
Біле тұра, сыртымызбен сыздадық.
Жүргендейміз дабырайған даңқыңды
Қурап қалған сүйегіңнен қызғанып.
Ақиқаттың үзбей жібек арқанын
Төбесіне көтермес пе ел әр ханын.
Үш жүзіңді тойлатпаған осылар
Сол үш жүзге келмейді-ау деп қорқамын.
Өзімді өзім қайрай-қайрай жұқардым,
Өксігімді өкінішпен жұтармын.
Тәңір маған тағдырын да қимады-ау,
Тоқсандағы тобықтай қарт Бұқардың.
Орыстардың тілін тапқан Абылай,
Қытайдың да жынын қаққан Абылай.
Өлгеніңде түспеп едің тұғырдан,
Құлап жатсың бүгін тақтан, Абылай!
Ақиқаттан адаспаған Абылай,
Болсын иман жолдас саған, Абылай.
Хан сарайда құс жастықты жастанбай,
Ту көтеріп, қол бастаған Абылай.
Заманыңмен тең болып па ең, Абылай?
Сен біреуден кем болып па ең, Абылай!
Есіміңді есімізге алмастай,
Жемқорлыққа жем болып па ең, Абылай?
Әйдік бәрі,
Әкім де әйдік, бай да әйдік.
Неге айтпайды айыбыңды айдай ғып?
Ат белінде аш-жалаңаш жүргенде
Сенің ішіп-жеп қойғаның қай байлық?!
Тағыңды да,
Бағыңды да күндейміз,
Тағлымыңды көзімізге ілмейміз.
Қырық қызың шықпаған ба күйеуге,
Отыз ұлдың құдасын да білмейміз?
Сенің көрген рахатың – дау, тартыс,
Бүгін өмір-сахнаға толды әртіс.
Опырық деп шығарғанша атыңды
Неге салып алмағансың гауһар тіс?!
Тарқамайды жанжал – бисіз,
дау – елсіз,
Ән де әдемі айтылмайды әуенсіз.
Абылай хан, айбарыңды ұмытсақ
Қайтіп толық ел боламыз тәуелсіз?!
Сіз билікке бізден гөрі жақынсыз,
Ұрпағыңды кешіре гөр ақылсыз.
«Той көрмей-ақ,
Сый көрмей-ақ» өткен көп,
Сізге тойдың керегі не?
Жат үнсіз!
Үміт, күдік – қақ бөледі әр күнді,
Тәуелсіздік таразыға тартулы.
Мешітке кеп, дұға тілеп отырмын
Есіме алып Өзбекәлі марқұмды.
Имам отыр «ағузылап», «құлқулап»,
Мен тілеймін тапса екен деп ұлтым бақ.
Білетінім – үш жүз жылдан кейін де
Абылайлап туар талай ұл тулап!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter