Өлеңдер ✍️
Кінәсі жоқ
Жаным, сені ойлап жүрмін бұл расы,
Сенбей тұрсаң жүрегімнен сұрашы.
Алшақ тағдыр арасында адастық,
Сірә, мұнда ешкімнің жоқ кінәсы.
Кінәсы жоқ менің, сенің, оның да,
Бір жүрмедік бақыт өмір жолында.
Бәлкім, ғажап түсің шынға айналар,
Үміт үзбе бәрі өзіңнің қолыңда.
Алақанда алтын кілті тағдырдың,
Бақытың жүр тасасында сан қырдың.
Менің жаным жалғыздыққа жаралған,
Жүрегіңді мен өзіңе қалдырдым.
************
Алдап жүрмін өзгелерді, өзімді
Серік етіп сабырменен төзімді.
Жылап келем жетегінде тағдырдың,
Шаттық күнді тасасында қалдырдым.
Күліп тұрам ішім қайнап жатса да,
Кінәм қайсы, сырларымды сақтасам.
Қарсы шығып үкіміне өмірдің,
Намыс отқа неше мәрте көмілдім.
Күтіп жүрмін орындалар үміт деп,
Ой-санамды жұлмалайды күдік кеп.
Мәнді өтсе екен өнегелі ғұмырым,
Биік қойып адалдықтың тұғырын.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter