Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
10.05.2022
323

Ақ түс
АҚ түс – менің әдемілік әлемім,
Ақ сүтіммен тіршілікке нәр бердім.
Жылап алып ажарланам қайтадан,
Жауһарымын ана жайлы әндердің.
Ақ түс –
арым, сүріндірмес тағдырым,
Қара түсті тасасында қалдырдым.
Өз-өзіме есеп беріп әрбір кеш,
Ақ-қарасын анықтап-ап қалғыдым.
Ақ түс –
ойым, жария етер шындықты,
Адалдықпен жаншыр үрей, сұмдықты.
Ащы болып көрінгенмен әділ сөз,
Көкірегімнен ұша алмай тұншықты.
Ақ түс –
өңім, сырын бермес сынығым,
Таза жүрек, кәусар бұлақ тұнығым.
Ақ мейірім жапқан кезде пердесін,
Әжім болып көрінбейді сұлу мұң.
Ақ түс –
өмір, лайланғаны арға мін,
Асыл арман биікте тұр талғамым.
Мұңын айтып, сырын айтып өтеді,
Ақ пен қара арпалысқан жалғаным.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter