Өлеңдер ✍️

  10.05.2022
  153


Автор: Гүлбақыт Қасен

Сағыныш

Сағынбай жүрген жалғанда жандар кемде кем,
Сезімсіз болып өмірге сәби келмеген.
Аспаны ортақ жұлдыз ғұмырлар бір-бірін
Сағынған сәтте уақыттың өзі емдеген.
Сағынған ана
төрт бөліп түнгі ұйқысын,
Оралмай жүрген ұядан ұшқан ұл-қызын.
Жарқ ете қалған жасыннан қорғап ойларын,
Қыраттан күткен көктемде келер жыл құсын.
Сағынған достар
кемшіліктерін жасырып,
Маңайын жұмақ, әр жылын өткен ғасыр ғып.
Күндерде қиын қол ұшын берген нағыз дос,
Қауышар сәтте уақыттан да озар асығып.
Сағынған бауыр
езіліп ет пен жүрегі,
Қарындас, туыс – тіршілік берер тірегі.
Таулардай биік, арманы асқақ ағаның
Болса да реніш, ақжарма шуақ тілегі.
Сағынған сұлу
алыстап кеткен егізін,
Қарсы тұра алмас, дауылы қатты теңізің.
Сырлары мөлдір ақ маржан, лағыл тастардай,
Жасырған жанар жас болып аққан сезімін.
Сағынбас адам жоқ шығар
сірә, жалғанда,
Қуанам әркез кеудеде сәуле жанғанда.
Сағыныш деген қысқа ғұмырды ұзартар,
Амандық тіле, сағынып жүрген жандарға.
Осының бәрін сағынбай өткен жан бар ма?
Сағынышы билеп қол созам әрбір таңдарға.
Әрдайым мен де амандық тілеп келемін,
Алыстан аңсап сағынып жүрген жандарға




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу