Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
10.05.2022
892
Әпкем менің арайлы
Алыстағы Әпкем менің, арайлы
Өзіңізден жан жылуы тарайды.
Үлкені боп туылған соң бес қыздың,
Сіңілдерің ақылшы деп санайды.
Қыздар едік бір қуанып, бір күлген,
Теретінбіз жеміс-жидек, бүлдірген.
Сәби болып бір туғанмен өмірде
Бірге жүрмек жоқ екенін кім білген?
Туғандардың мауқын басып келе алмай,
Бауырларды жиі-жиі көре алмай.
Жетісуды жүрсің бе сен сағынып,
Ұшқан құстың қанатына ере алмай.
Арамызды бөлсе де алыс кеңістік,
Ата-ананың құшағында өбістік.
Келінісің ұлы Абай жерінің,
Шығыстағы алтын әпкем ең ыстық.
Аяулысың, анасың сен қымбатты,
Ұл-қызың бар тәрбиелі, сымбатты.
Шаңырағың тола берсін шаттыққа,
Немерелер бал қылығы тым тәтті.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter