Өлеңдер ✍️

  10.05.2022
  110


Автор: Гүлбақыт Қасен

Басыңа келер

Баласы ма, әлде әке басым ба?
Әкесінің келді бала қасына.
Ақылына көнбей бала шүйлікті,
Қол тигізді қарамай ол жасына.
Ерсі көріп, әке оған қарады,
Мөлдіреді жасқа толы жанары.
Баласынан сыбағасын алса да,
Мұны айту парызым деп санады:
«Баламсың сен, мені тыңда басынба,
Мен жүрмеймін ылғи сенің қасыңда.
Сыйламасаң ата-анаңды өмірде,
Келтіреді мұны құдай басыңа».
Өмірдегі ащы шындық бұл жағдай,
Әке – тіреу құлағалы тұрғандай.
Иманды ұрпақ ойланыңдар бір сәтке,
Қызың қандай, мұра болар ұл қандай?
***************
Жалығып жалтақ өмірден мынау,
Кезіп кеткім кеп тұрады, ана.
Жан-жағым қорқау,
болмаса сынау...
Безіп кеткім кеп тұрады, ана.
Сен мені туған кезіңде, ана
Жұлдызы жанған қыз болар дедің.
Жанарым солғын,
сездің бе, ана,
Сырымды айтсам, мұз болар демім.
Жүрегім мұңға кеткендей батып,
Тырнап жатырмын жарасын, ана.
Жалған өмірге
өкпем тым қатты...
Жаманға қимас баласын ана!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу