Өлеңдер ✍️

  10.05.2022
  112


Автор: Гүлбақыт Қасен

Тілімді таптым

Тілімді таптым
Орхон Енесей жазбаларынан.
Жырымды таптым
Көне Отырар қазбаларынан.
Бай мұраларым аз ба табылған?
Санамды таптым
Халықтың ауыз әдебиетінен.
Бағамды таптым
Ежелгі түркі мәдениетінен.
Дастаным аз ба әлемге әйгі етілген?
Күйімді таптым
Қорқыт, Қойлыбай қобыздарынан.
Үнімді таптым
Марғасқа, Асан абыздарымнан.
Айтылмас сыр бар ма аңыздарымнан?
Ілімді таптым
Қожа Ахмет Иассауи дәріптерінен.
Білімді таптым
Ыбырай, Ахаң әліппелерінен.
Оқулық аз ба дәріптелмеген?
Әнімді таптым
Біржан мен Ақан сезім сазынан.
Сәнімді таптым
Сұлу Көкшенің кербез жазынан.
Сағыныш жырлар аз ба жазылған?
Сырымды таптым
Ілияс, Сәкен сыр сандығынан.
Сынымды таптым
Халқымның қатал күй талғамынан.
Сарқыт ұсынам сыйтабағымнан.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу