Өлеңдер ✍️

  10.05.2022
  168


Автор: Гүлбақыт Қасен

Тиегін тілдің ағыттым

Шапанын киіп шабыттың,
Тиегін тілдің ағыттым...
Жүректен шыққан сөзді айтып,
Жауһардай жырды таныттым.
Түбінен сырлы сандықтың,
Шындықты танып, арды ұқтым.
Шамшырақ етіп елдікті,
Тарихта қалған сан мықты.
Шабуын таппай кетілген,
Балтадай кесек ет ілген.
Махамбет ақын сияқты,
Қайраса тағы жетілгем.
Қамалым берік бекінген,
Қағажу көрмей бетімнен.
Қасқайып тұрсам жырыммен,
Айыра қоймас еркімнен.
Тақылдап тұрар таңдайым,
Жарқырап тұрар маңдайым.
Алмастай шындық тілімде,
Ұсындың деме қандайын.
Көңілім аппақ қардайын,
Сөздерім семсер әрдайым.
Қуат бер маған, Жаратқан,
Қанатым талмай самғайын!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу