Өлеңдер ✍️

Айдарлымның алмасы
І.
Айдарлымның алмасын айт, алмасын –
Алма жайлы жыр жазылмай қалмасын.
Ұлы Жібек жолындағы ауылға –
Керуен тоқтап, бар пейілін арнасын.
Іс болсыншы берекелі – бар дұғам,
Дүркіресін дала мүлгіп, қалғыған.
Ақ ниетті азаматқа су алып,
Алма жүзді ару шықсын алдынан.
Алтын сақа.
Асықтарға қорғасын –
құйған сәтте-ақ, арқаға асып дорбасын.
Бала біткен шын мезірет танытсын,
Мамаағашқа байлап қонақ жорғасын.
Айдарлымның алмасын айт,алмасын –
Алма жайлы ән айтылмай қалмасын!
Тау басынан айқайлағым кеп кетті –
Балалығым осы ауылда қалғасын.
Бақ таймаған ауылымнан айналдым!
Ат байлаған бауырымнан айналдым!
Құт дарыған бесігімнен айналдым!
Беу, АЙДАРЛЫМ!
Есіміңнен айналдым!
ІІ.
Арыстың бойын, Ертісті, Сырды, Жайықты
Жырлады бәрі. Ғашықтар мінген қайықты...
Өзені болған, өзегі болған өмірдің –
Ілеміз жатыр үн-түнсіз қалпы, байыпты.
Жеткізген бізге тарихтың сона-ау сілемін,
Шежіре қартым, толқының тулар – Іле едің.
Ырыстың көзі, ынтымақ көзі және өзің –
Орының бөлек қазағым үшін білемін.
Ордасы болдың шаттық пен байлық,
сайранның,
Аруды көрді шомылған саған жайраң Күн.
Нәр берген Ілем.
Әр берген Ілем, далама –
Қайраның болмай, қамықтың кейде
Қайранмын...
Бәрін де білем, тосырқап маған қарама,
Бау-бақша салған ауылдас жүр ғой жағада.
Елеңдеп жастар, көшпесін жұртым қалаға...
...Бойыңда өскем, Сен мені өгей санама –
Нәр берген, Ілем, далама!
ІІІ.
«Алма ағаштың бүрін» айтып,
«Текеметтің түрін» айтып,
Ақ жеңешем сағындырды...
бірін айтпай, бірін айтып.
Түтілмеген жүнін айтып,
Қыз кездегі күнін айтып,
Ақ жеңешем жылап алды...
бірін айтпай, бірін айтып.
Абысындар жырын айтып,
Көршілердің сырын айтып,
Ақ жеңешем күліп алды...
бірін айтпай, бірін айтып.
Оюына бөстегінің,
Қоса білген кестелі ұғым.
Ақ жеңешем бал күнімді,
Айтып берер кешке бүгін...
Естелігің,
Есте, күнім...
ІҮ.
Ауылымның сағынғанда түтінін,
Ән салып бер домбыраңмен, үкілім!
Жырақтатып туған жердің төсінен –
Тағдыр-тақсыр орындатты үкімін.
«Бел болады ауылымның қонғаны»...
Ел болады кездесетін жолдағы.
Халық әні тамылжитын бақшамда –
Тәтті уақ қой, байқамаппыз, сондағы...
Айдарлымда бал-күнім бар сақтаған,
Ақ жырымды нөсерлетші, ақ қалам.
Балалық сәт, өрікті бақ есімде –
Қымбат бәрі...ауылдағы шақ маған.
Сағынамын алма гүлін құлпырған,
Исі қандай...шыға алмаймын ырқынан.
Бұлбұл сайрап, буынымды алатын –
Өзіңе жол түспей жүр ғой былтырдан...
Әппақ гүлі көз тұндырар алманың,
Естеліктер, ескі күнді жалғадың.
Қарыздармын мен өзіңе,
Туған жер,
Өтесем-ау...көп еді ғой алғаным.
...таңдайымда
дәмі қалған алманың.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter