Өлеңдер ✍️

  10.05.2022
  298


Автор: Гүлбақыт Қасен

Алтыным

Бірінші жыр
Бар ғаламды жанарыма сыйдырып,
Бір жүректі бір жүрекке сүйдіріп,
Шын бақытқа кенелтесің, Алтыным,
Маған шексіз, махаббатты сый қылып.
Еркелеуге, аялауға жаралған,
Ару едім – сұлулықтан нәр алған.
Сен де ерек, азаматсың ардақты –
Бекзат болмыс, текті ұядан таралған.
Жанымызды қайтсек екен бір болған,
Өлең - егіз, нәзік сезім жыр болған.
Ой-санамды, ақылымды жаулайсың,
Жүрегімді қайтсем екен, сыр толған.
Енді қалай, жалғыз жүріп күн кешем?
Маған жазған хаттарыңмен үндесем.
Сағыныштың жырын жазам күнде мен –
Үп еткен жел жеткізе ме үрлесем...
Алтыным!
Екінші жыр
Тағдыр мені табыстырған өзіңмен,
Тілеуіңді тілеп жатып көз ілгем.
Асыл арман қол бұлғайды арайлы,
Жұлдыздардан жарық сәуле тарайды.
Ұзақ жолда құс қанаты талмаған,
Жыр ұшырам жүрегімнен арнаған.
Көгершінім хат жеткізген қиырдан,
Титтей бағым маңдайыма бұйырған.
Жалғыздықта сыналады төзімім,
Оңашада мен өлеңнің өзімін,
Алтыным!
Үшінші жыр
Жіпке тізіп көк әлемнің жұлдызын,
Әдемі алқа сыйлағалы жүрмісің.
Алақанға қондырасың әлемді,
Орнатасың жауһарлардан жыр мүсін.
Ұқсамайды бір түсіме бір түсім...
Салып жүрмін бұлақтардың күлкісін.
Бақыт гүлін құшағыңа толтырып,
Қондырамын жүрегіңе жыр құсын.
Жымыңдаған жұлдыздармен тілдесем,
Қуанасың, күлімдейсің бірге сен.
Аспан жаққа ауа берді аңсарым,
Ойланбастан барасың ба, жүр десем?
Алтыным!
Төртінші жыр
Нені іздедім ақша бұлттан, ақ қардан...
Сені іздедім бірге жүрген бақтардан.
Теңіз бе едің толқынымды тербеген,
Егіз бе едің бар сырымды ақтарған?
Күнім бе едің нұрын төккен аспаннан,
Үнім бе едің шарықтаған, асқақ ән?
Жылулығын сезінбесем жаныңның,
Сұлу мұңның жанарынан жасқанам.
Жазым ба едің жайлау төрін ұсынар,
Назым ба едің базыналы қысы бар?
Дос қабақты бағатындай хәлде емес...
Қос қанатты құстың тілін құс ұғар.
Жалынсың ба?
Отқа орайтын жүректі.
Жауынсың ба?
Қырда гүлдер дір етті.
Көңіл күзді көктем етіп бүрлетті...
Өмір біздің жолымызды бір етті.
Алтыным!
Бесінші жыр
Тамызым-тағдырым. Таңғы бақ,
Тауларда ән салар бал-бұлақ.
Қымбаттым,
жырыңмен емдейсің,
Кей сәтте жүргенде қалжырап.
Сәуірім-сезімім. Арайым,
Гүл болып құлпырар маңайым.
Алтыным,
еркелет, аяла,
Мен сенен шын бақыт табайын.
Өмірім-өрнегім. Көктемім,
Әдемі мейірім төккенің.
Қымбаттым,
шуаққа бөлейді,
Маңдайдан аялап өпкенің.
Тағдырым-тұмарым. Қанатым,
Арманын адаспай табатын.
Алтыным, күт мені...
Мен дағы
күтемін таусылмай тағатым.
Алтыншы жыр
«Алтынның қолда барда қадірі жоқ...»
Қадіріңді біле алмадым,
білмедім...
Ойларыма тұсау салған -
кім менің?
Қасиетті шын үркітіп алдым ба...
Ардақтым-ау, түсіме де кірмедің.
Мейлі, бәрі бекер дедім, түңілдім,
Кей сәттері талқан болып үгілдім.
Үзілуге шақ қалғанда үмітім –
Болған жайдың астарына үңілдім...
Қандай қиын жалғыз-жарым жапанда,
Аман қалдым түсе жаздап апанға...
Өшіп барып қайта жанды шырағым –
Сенің жаным, сенің жаным, арқаңда!
Адамдықтың, адалдықтың үлгісін,
Сезінбесем, не боларын кім білсін?!
Қадірімді білу үшін алыстан...
Бақытымды тілеп менің жүрмісің,
Алтыным!
Жетінші жыр
Ұйқысыз түндерің үшін,
күлкісіз күндерің үшін –
не істей аламын?
Жаның мұң, жабырқап жазар,
сағыныш жырларын ғазал –
ести аламын!
Алаңсыз шақтарым үшін,
жауапсыз хаттарым үшін,
Мен ғой кінәлі!
Алтыным, өмірім сенсің,
Өшпейсің, көңілімдесің –
Сен ғой жыр-әнім.
Сегізінші жыр
Солай(!)...
Нақтылайтын ойдың қойып нүктесін.
Айдан анық басқа жауап күтпесім.
Қымбаттым-ау,
неткен таза жан едің -
Əңгімеміз бітпесін!
Сондай(!)...
Баға беріп, өмір заңын топшылар,
Биiк тұлғаң.
Тым аласа топ шынар.
Қымбаттым-ау,
дəл өзіңдей ең ғажап -
Алтын адам жоқ шығар!
Қалай(?)...
Қалай, жаным, байқамағам?
Нелiктен?
Улап кеткен.
Жалған-сезім елiткен.
Ұйқыдағы аруыңды...
Алтыным,
Оятуға келіп пе ең?..
Тоғызыншы жыр
Ұйықтап жатып шарпыламын деміңе,
Жаратқаннан сауға сұрап емiме.
Ханзадалар мекенінен жеттің бе?
Бір шаhарды құрбан етіп меңіме!
Қас-қабағын бағып жаудың, елдің де,
Алып-ұшып қияндардан келдің бе?
Ақ дидарлы аруыңның, Алтыным,
Белбеуiне бір кенішті бердiң бе?
Заңғар-заңғар таулар қалған жолыңда –
Біз жолықтық.
Тағдыр жатыр соңыңда...
Өмірімнің алтын кілті, Қымбаттым,
Жұдырықтай жүрегің мен қолыңда!
Көз байлаулы.
Көңіл – алаң, ой – алаң,
Түс көремін... Түрлі түске боялам.
Күдеріңді үзбе, үміт ұшқыным...
Сәл мызғып ап, мен бір күні оянам!
Алтыным!
Оныншы жыр
Ат дүбірі... Құстың үні... Құлақта,
Тәкаппар тау, құзға ойымды құлатпа!
Ұзап кеткен анау көштен қалыспай,
Сыңсу айтып сыңғырлайды бұлақ та.
Ақ күймені жарыстырып желменен –
жарыстырып құла дүзде белменен.
Алтыным-ау!
Бағыт алдым қайда мен?
Есендеспей туған елмен, жерменен...
...Өңім деймін – өңім емес!
Түс көрем.
Ұқсас түсті қатарынан үш көрем.
Арманымның аспанынан құс көрем –
Қауырсын жыр қанат қақты.
Ұшты өлең!
Шашылады әппақ шапақ ұшардан,
Ақ боз ат та еркіндікте тұсалған.
Алтыным-ау!
Жүрегімде ән салды –
Ақ күймеге қонақтаған құс-арман,
Ат дүбірі... Құстың үні... Құлақта –
Ояндым ба?
Еш жауап жоқ сұраққа.
... Алып-қашқан көңіл күйдің күймесі,
Алтынымның мекеніне тұрақта!
Он бірінші жыр
Ертегі әлем.
Ертегі жыр. Ертегі ойлар – есімде,
Шуақты сәт.
Күн еңкейіп ауа берген бесінге.
Айнала әппақ.
Қарға ұласты ақыраптың аяғы –
Көңіл де әппақ.
Мендегі мұң таусылуға таяды...
Сондай. Солай.
Ақиқатқа келтірмедім еш шүбә –
Тәтті сезім.
Сұлулыкка қайталанбас кеш куә.
Жаны таза.
Таудан аққан мөлдір-кәусар бұлақтай,
Менің кием –
алып шығар биік құздан құлатпай.
Ертегі елес.
Бәрі құрбан бір белбеуге, бір меңге,
Ертегі емес.
Ғашықтықты бастан кешіп, білгенге.
Ұйқыда ару.
Еш сезбейді, тұрса дағы сәт таяп,
Өкінішті.
Өтсе ғұмыр бақыт балын татпай-ақ...
Ақ боз ат жыр.
Ақ күймелі ән. Арман-арман, ақ арман –
Тағдыр жұмбақ.
Қандай тосын сый ұсынар тағы алдан?
Сенім. Үміт.
Алдамайды ұмтыламын жарыққа –
Саялы бақ.
Әлі есімде. Алма бүрін жарып па?
Жарық сәулем.
Нұр шұғыла, жанарымды байлама,
Сезем, білем.
Көңіл ояу. Мызғып кеткем жай ғана...
Дір етемін!
Саусағыңды саусағыма тигізсең!
Бұрымымнан иіскеткізіп,
маңдайымнан сүйгізсем...
Мен оянам!
Мен оянам, Алтыным!
Он екінші жыр
Күн де ынтызар, Ай да құштар алқама,
Бойтұмар-жыр берік қорған қалқаға.
Көз ұшынан қылаң берер арман қыз –
Арманына қанат байлап барған қыз...
Күн де ғашық, Ай да ғашық сырғама,
Түн жасырған маған жұмбақ сыр ғана...
Сан мың жұлдыз – куә мың бір түніме,
Сан мың жұлдыз – куә сыңғыр үніме.
Күн де ынтызар, Сақинама
Ай – құмар,
Ынтыққан көп...
Сіз ғанасыз жайды ұғар.
Жалт-жұлт еткен дүниеге малданбай –
Қандай ғажап өмір сүру алданбай...
Ай алқалы, Күн сырғалы ойлар мың,
Терең-терең өткеніме бойлармын.
Жалған ғұмыр... кеткен екен ет өліп,
Саусағымнан шықпайды енді некелік.
Өзің таққан сол бір жүзік жалтырар,
Ол жүзікте періштенің Анты бар.
Пәк сезімнің бірге өткіздік бал-түнін,
Жүрегімде – берген сөзім, АЛТЫНЫМ!
Өмірімде бар тыным,
Жарқыным...
Он үшінші жыр
- Жүрші, Алтыным, шоқ қайыңға баралық,
«Мені ұмытты, ұйқыда...» деп топшылар.
Аққайыңда – ғажап сәттiң бары анық,
«үлпек қайың» жоқ шығар...
Ұшар басы үкідейін шоқтанып,
Бойлағанда сымбатына сұқтанған.
Мына әлемде ғашықтардай жоқ ғаріп –
мөлдірлікті ұққан жан.
...Сағынған-ау,
екеумізді аққайың,
Үндемейді. Тұрғандай ма мұң шағып?
Сұлу бүгін. Сұлулығын мақтайын –
өкпелер ме мұншалық?
Жүзігімді көрсетейін қайыңға,
Куә еді ғой, талай сырға – естелік.
- Ал, аққайың, көрімдігің дайын ба?
Сыбдыр қақшы...ескеріп.
Жалғыз қалған сәттерімде жылатпай...
- Күлші,- деуші ең.
Мен күлкімді сағындым.
Сағым сынбай. Арман-ойды құлатпай,
ұмытылды сағым күн.
- Аппақ қайың, сұлу қайың, қарашы...
Мен де сендей болып алдым әдемі!
Гүліңде ме бақытымның бағасы,
жүрегімнің ән-емі?
Хұснихатта – Алтынымның сәлемі!
Оқиық...
Он төртінші жыр
Жақсымысың, Жаншуақ....көкейімде сен жүресің.
Тезірек кездессек деп ойлаймын, жанымның шуағына
айналғандайсың... Ақтамаққыз!
(Алтынымның хатынан)
Іздегенде бақ-сезімнің сарайын –
Атқан таңның ақ шапағын, арайын.
Сенің жүзің күлімсіреп тұрғандай...
Дүниенің дидарына қарайын.
Аңсар ойлар адастырмай аспаннан –
Ақша бұлттан алақанға жас тамған...
Сәуір-нұрға ғашықтығым, Алтыным,
Сенің сұлу сезіміңнен басталған.
Өзендерден,
өрнек іздеп өлеңнен –
Мен өзіңнің шуағыңа бөленгем.
Ақ жүрегің, мөлдіреген жанарың
Құтқарады тұңғиықтан, тереңнен.
Төзім іздеп,
тау мен тастан төгілген –
Теңдесі жоқ мият таптым көңілге ем.
Жаным жасып, жабырқаған сәттерде
Мен сендегі мейірімге көмілгем.
Кенен іздеп, көңіл-құсым жолға алаң...
Орда барам,
Алтын күмбез орнаған.
Дауыл соғып, шатырласа найзағай,
Сендік айбат, айбыныңмен қорғанам.
Өзіңді аңсап..
Қиян көкке ұшамын...
Құсжолы - әне!
Табам Сiздi! Құшамын!
Аққан жұлдыз секілді кеп құлармын...
Өртесінші оттан да ыстық құшағың.
Бұл ғаламнан
жанға дауа іздесем –
Жыр көгінде мен өзіңмен жүздесем.
Уақытынан сәл кешіксем,
Алтыным,
Өтінемін, үмітіңді үзбе сен!
...жолығармыз, жолығармыз күзде есен!
Он бесінші жыр
Қал қалай, шырайы бөлек Шаттыққыз?
Көңілің көкке көтеріліп, жанарыңның қарашығы
қызғалдақ қауызының түбіндегі қара нәлдей
мөлдіреп, бақытты шақ кешіп жүрсің бе?..
(Алтынымның хатынан)
Бақыт деген осы шығар, кім білсін?
Аққанат жыр. Көгершін.
Айнала аппақ. Қалтырайды гүл мүсін –
Шуағыңды төгерсің...
Іштен тынып, сыр ашпаған жылдарым,
Оқылмаған хаттарым...
Ұғындырған мөлдір шықта жыр барын –
Сібірлеген ақ таңым.
Бұлақтардан ән естілер жасырын,
Сыңғыр үні тынбаған.
Өмір күйі – тым өзгеше, Асылым,
Тыңдатады кім маған?
Гүл де, шөп те тіл қатады, үнсізбін,
Мен сыбырын ұқпағам...
Бірде жарық, бірде түнек. Күнсізбін –
Қызық емес, түк маған.
Қауызында қызғалдақтың – сұлу мұң,
Сағағында – сағыныш.
Мына әлемнің жиып барлық жылуын,
Маған қарай алып, ұш!
Алтыным!
Он алтыншы жыр
Қал қалай, Қылықты қыз!
Көптен күткен қуанышқа кенеліп...көк пен
жердің ортасында қалықтап жүрсің бе? Өзіңді
сағындым. Күлкің мен үніңді естігім келеді. ...Аман
бол, Ақмаңдайлым!
(Алтынымның хатынан)
Тіл бітсе егер естелік, суреттерге...
Аздық етер мың бір түн суреттеуге.
Есіңде ме,
Алтыным, біз екеуміз –
Сөз бергенбіз хат-хабар сиретпеуге.
«Қылықты қыз, сағындым өзіңді» деп,
«Лебізіңді аңсадым, сөзіңді» деп...
Ынтық етіп, қымбаттым, хат кешіксе –
Үйреткенсің болуға төзімдірек.
Аппақ қардай көңілім. Аппақ парақ,
Қос ғашық тұр әдемі баққа қарап.
Көгершінді күтпейді біз секілді,
Хат таситын аяулы әппақ қанат.
...Ақмаңдайлым дегенде, Ақмаңдайлым,
Қалай ғана,
Алтыным, мақтанбаймын?
Хат жаудырған гүл-көктем, сәуір-сезім,
Бақытымды мен сенен тапқандаймын.
Он жетінші жыр
Қал қалай, қалқатайым?
Лебізіңді оқыған сайын оқи бергім келеді. Көңілің
де, жаның да жаздай жадырай берсін. Суретіңе
қарап қоямын, ешкімге қимайтын жансың...
Сағындым, Ақтамаққыз...
(Алтынымның хатынан)
Қал қалай, қалқатайым? Аңсағаным.
Сағындым, Ақтамаққыз... Аңсаған үн.
Сол сәттер саған мәлім,
айтшы, Алтыным –
Аңсадым...
сені бәлкім, аңсамадым...
Аңсасам, неге адастым арманымнан,
Төгіліп жатса да күй, арналып ән.
Алуа, тәтті-тәтті, тәмсіл шырын,
Тамсанып бал сорып ең бармағымнан...
Бұрымым оралғанда білегіңе,
Бақ құштың, әлем сыйып жүрегіңе.
Аламан, бәйгелі өмір байқатпады –
Кетіп ем, маржан қадап күреңіңе.
Күреңнің жалын сипап, тарадың ба?
Жайлауда жүргенімді қаладың ба?
Маржан тас мөлдірей ме жанарымдай,
Ұрланып ақ жүзіме қарадың ба?
Алқамның сенде жүрген бір маржаны,
Түсінсең, асыл таста сыр бар, жаным.
Кестелеп өрнек салған сұлу сөздер –
Сияқты жүрегімнің жыр маржаны.
Оралып жыл көшіне, айларға біз,
Иірсе, ұршық тағдыр байланармыз...
Мың бір түн хат жазылар талай-талай –
Аңызға айналмаспыз...
айналармыз...
Он сегізінші жыр
Шырайы бөлек Шаттыққыз! Сенің хатыңды
оқып көңілім көтеріліп қалды. Шынында да сенің
әрбір сөзің тәп-тәтті. Өзің де, көзің де тәптәттісің.Аман бол, Ақмаңдайлым! Хат күтем.
(Алтынымның хатынан)
Шырайы бөлек Шаттық қыз!
- Ардақтым, ерек Алтыным!
Махаббат бағын таптық біз:
Сөздерің - шырын.
Бал - тілің.
Жанарың - нұрлы.
Жаз - жаның.
Сезімің - сұлу, тұп-тұнық.
Хаттарың - ғажап.
Жазғаның...
өмірдің мәнін ұқтырып...
Мейірім көрем жүзіңнен,
Көңілді кірбің шалғанда.
Үмітті жалғап үзілген,
Бақытты еттің жалғанда.
Шуаққа шат қып бөлейсің,
Мейірім тұнған көзіңмен.
Алтыным, тәтті өлеңсің,
Тәп-тәтті өмір өзіңмен!
Алтыным, менің асылым -
Алтын ғой! Алтын - жүрегің.
Сүйіктім, мәңгі ғашығым,
Өзіңсің менің тірегім!
Алтын ғой
сенің жүрегің!!!
Он тоғызыншы жыр
Алуа, Алуа жан, Алуа қыз,
Жүректен ақ сезімді ағызамыз.
Бір тәмсіл тіл ұшында айтылмаған,
Тұрғандай сонда өмірдің мәні нағыз.
(Алтынымның хатынан)
Көңілге ән, жүрегіме жыр байланған –
Дүние-ай, қайтем сені шыр айналған?
Сәуірде бүршік жарған сұлу-сезім –
Қырық күн шілде туып шырайланған.
Көктем-қыз бұрымымды өріп кеткен,
Сыйлаған көк көйлегі көрікті еткен.
Ақтамақ қарлығаштар сонда келіп,
Хабарын ғашығымның беріп кеткен...
Орамал кестелі, әсем – қыр гүліндей,
Қалған ба ғашық жаннан сыр білінбей...
Өлең-хат көңілімді алып-ұшқан –
Баурайды сыбызғы әуен, сыңғыр үндей.
Жаз гүлі.
Күз жаңбыры.
Қыстың қары.
Ғажайып өңге айналған түстің бәрі...
Бір тәмсіл тіл ұшында айтылмаған –
Оятты өзің болып құстың әні...
Алтыным!
Жиырмасыншы жыр
Қал қалай, әрлі, нәрлі, Алуа қыз!
Қиын ғой жүрген ізден қалуы аңыз.
Бірақ біз аңыздардың өзі болып,
Келешек көкейінен табыламыз.
(Алтынымның хатынан)
Жазың қандай, беу, өмір?!
Құмартамын.
Тұп-тұнық боп мөлдіреп тұрар таңым.
Балдай тәтті өмірді кешіп жүріп,
Қалай ғана көңілге мұң артамын.
Бақ пен сордың арасы – бір-ақ адым,
Сырт айналып кеткен жоқ, сірә, бағым.
Шын махаббат еді ғой – тілегенім,
Шын ғашық жар еді ғой – сұрағаным.
Төгілгенде шырын мұң, алуа мұң...
Көңіл жүйрік.
Құбылар алуан, мың.
Жырдың зері – Алтыным, өзің болдың,
Мен – сен үшін аяулы Алуаңмын.
Алуа қыз сезімін шын ұғарсың,
Көріп келем өмірдің шұғыласын.
Маңдайдағы жазулар адастырмай –
Махаббаттың таба алдық Құбыласын.
Тағдыр-тақсыр.
Бек үкім. Бағынамыз.
Армандаймыз. Аңсаймыз. Сағынамыз.
Жұматайдың сүйікті Ләйләсындай –
Өмір сүрер өлеңде – Алуа қыз.
Алтыным...
Алуа қыз...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу