Өлеңдер ✍️

  09.05.2022
  172


Автор: Сабыр Адай

Күйші мен күй алыспақ

Сексеуілдерге қан бітіп,
Сеңгір тауларға жан бітіп,
Таң алқымдап, түн қашып,
Қаралы бұлтты мұң басып,
Хабар салып жел тұрды,
Халалдан болған ел тұрды,
Ұл семсерге серт ілді,
Қыз кірпікке дерт ілді,
Манаурады маңыстап,
Маң-маң нарлар алыстап,
Саз самғады ғарыштап,
Күйші мен күй алыспақ,
Ындын кепті ырғалды,
Мың қыстауда сыр қалды,
Қылаңытып қыр қалды,
Шыңғырысып шың қалды,
Шыңнан қыран үркінді,
Тау талықсып сілкінді,
Үрей билеп бір түрлі,
Жүрек жылап, бір күлді.
Қарашанақ күркілдеп,
Еркімді алды біртіндеп.
Сен нағылып жүрсін деп,
Көк желкемнен ұрсын кеп.
Шөлмін дедім қаталап,
Жалбарындым ата-лап.
Атам ұрды шапалақ,
Алғыс айттым жата ғап.
Жылап жүріп тыңдадым,
Дүниенің бір мəнін
Шырылдатып ұр жаным.
Ғапыл күйдің құлымын,
Сырыңды аш ұлы мұң.
Шайқалмасын тұнығың,
Жат салмасын құрығын.
Жалын күйін Адайдың,
Жанған отқа балаймын.
Жан құбыла сараймын
Жанға нұр боп тараймын.
Маңғыстауда ұлылық,
Күй мен күйші жүр ұғып.
Күйлеріме құнығып
Күн қарайды бұрылып.
Ай жылады ақырын,
Түннен тігіп шатырын.
Таулар қысып тақымын,
Көзін сықты жасырын.
Ырғап тартқан, ыңымен,
Ықылымнан – сырым ең.
Тылсым тағдыр ғұмыр ең,
Кімге айтамын мұны мен?!..
Күс-күс болған саусағы,
Қайран шалдар дəу сары,
Күйге ауғанда аңсары,
Қара шанақ қаусады.
Жанға араша сұрайтын,
Егіз ішек жылайтын.
Өңкей шындық, кіл айқын,
Шөлің қанып құлайтын.
Дəурен еді мөп-мөлдір,
Қалай өтіп кеткен бұл?
Суын айғыр секілді
Жал-құйрығы төгіліп,
Мың жылда бір көрініп
Біздің күйлер шеттеп жүр.
Құлын дауыс неткен жыр.
Шідері мен
Шер айтып
Көкмойнағым ептеп жүр.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу