Өлеңдер ✍️

  09.05.2022
  203


Автор: Сабыр Адай

Жылаған қазақ көрген қандай жаман

І
Сəуле апа-ау!..Сарсаң кесек сана қайғы.
Сансыз сұрақ санамда балалайды.
Жабағысы ұйысқан көңілімнің,
Көзін шұқып қара түн табалайды.
Емешегі үзілген баба-күлік,
Жан ботасын боздайды жаңа біліп.
Ет желіні суалған Есениннің –
Қаншығындай қара бұлт алар ұлып.
Қара талақ қара бұлт жағал-сары,
Жылап алу егіліп бар аңсары.
Жарқылдаған найзағай жан тəсілім,
Ақындардың секілді қаламсабы.
ІІ
Дөнежін дөң, қаймалша қылаң қырым,
Айта-айта алжасты шыдам жырын.
694 695
Шөккен нарға қоғасы қорған болған
Сай қолатта бар еді бір əн бұрын.
Қолат қурап қолаң шаш бұлақ өлді,
Қорған болар қазаққа сұрап ерді.
Өлген өлді тірінің тілі қысқа –
Кімге керек өлгендер бірақ енді.
Бабам берген анау қыр, мына белді,
Саудагер сарт салт жүріп сұрар енді.
Сұқты көздің ішінде қара жылан,
Қарайғанға зəр шашып тұрар енді.
ІІІ
Сексеуілдер үзіліп тамырынан,
Сыршыл тарих сығалар қабығынан.
Телмеңдейді туған ай үмітім боп,
Жаным қалмай сімірдім жарығынан.
Берен сайлап, бел буып бекін күнім.
Батар күні байлаусыз екіндінің.
Дүниені орап ап жыр-жөргекке,
Мен тербетіп отырған секілдімін.
Атамекен іңгалап тығылады,
Бір сұрауы болады мұның əлі.
Топ-тобымен тозаққа барар сосын,
Адамзаттың арамза ұрылары.
Адалдық па?!..Адалдық зарлы құлын!
Отан менің құлыным, жалғыз ұлым!
Қанағатсыз ындынның жемсауында –
Жылап жатыр Жер-Ана қанды бұрым.
ІV
Сəуле апа-ау,
Сен шалғайда, мен Түбекте.
Не болмақ ен даланың еркі кетсе.
Мысалы: Ойда жоқ та теріс толғап,
Ханнан ант, қалаулының серті кетсе.
Жан апа!... Жанның сыры сендік өлең.
Көзіңнен кемел ой мен шерді көрем.
Бауыр боп бар тілекпен сүйші мені,
Самал боп Сарыарқаның ерніменен.
Құлар ма, құл-тірліктен нардай балаң!?..
Түңіліп түс көргендей таңдай қағам.
Осынша ұлан-байтақ байлығы бар,
Жылаған қазақ көрген қандай жаман.
Билік жүр, сан қайталап мың бір əнін,
Келмеске кетіп жатыр кіл бұла күн.
Жылап жүр қанша қазақ өз елінде,
Көргенде көз ұялып шыңғырамын.
Кешкен соң күн өткізіп ғұмыр хаттап,
Жоқтықтың жолым үйден жырын жаттап.
Еңсесін бір көтеріп көрмеген ел,
Ер туып жарытпайды ұлын баптап.
Кеудемді кер құландай үн керіп жүр,
Түрімнен күн күмілжіп, түн жеріп жүр.
Атасы айыр бура бал қоспақтың,
Баласы көкаттыдан күн көріп жүр.
V
Арда емген асау көңіл басылмайды,
Бұл күнде құным-мұңым, бəсім қайғы.
696 697
Керіліп кеңістікті дүбірлетпей,
Көңілі көшкен елдің ашылмайды.
От қарып, мендік жанда жара жатыр.
Бостандық!..Онсыз бағам – қара бақыр.
Қомында қобыз тартып нар-маяның,
Қош айтып Қорқыт-дəурен бара жатыр.
Би-төре билігіңді кім көрген жоқ.
Қызғышты кім атпады сұр мерген боп.
Қазақтың жүрегімен байқап ойна,
Ол əлі аттан түсіп үлгерген жоқ.
Уақыттың кім түспейді сөресінен,
Ер өлмес елін сүйген өресі кең.
Еркесі ен даланың киікпіз-Біз,
Құлдырап құс өткізбес төбесінен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу