Өлеңдер ✍️

  09.05.2022
  223


Автор: Сабыр Адай

Ер Қосай

Ай, Ер Қосай, Ер Қосай!
Алтын-ды жаға ағамыз,
Күмістен құнды бағаңыз,
Сөз бастаған данамыз,
Жол бастаған дарамыз,
Жеті бірдей інің тұр,
Жер қайысқан қараңыз!
Іні – төбе, аға – құз,
Құз бөлініп құласа,
Көзіміз болар бұлаша,
Біздің қандай шамамыз.
Аға қылдық Арысты,
Бермейді деп намысты,
Алты Қосай – Ардағым,
Қаратаудай салмағың.
Əлім Ата, Байұлы,
Желкедегі Жетіру,
Асқа келмек Шалдарым.
Ақарысым – ақ тілек,
Жанарысым – жан тілек,
Бекарысым – беренім,
Туыстық та бар ма мін!?..
Қайрасам қылыш шарларым.
Сен болмасаң кім бастар
Кіршіксіз таза-бірлікке,
Адам қонақ тірлікте,
Алты Қосай-Ардағым,
Қаратаудай салмағың.
Қашаған мен Қалнияз,
Нұрымды туған тарланым.
Саялар тұста тал-бағым,
Сүйенер тұста балдағым,
Бата сыйлап, бақ берген,
Сəулелі тілек ақ таң-ды,
Халал болмақ – Хақтан-ды,
Хақ сүйген халал – Саңлағым.
Азулы да – Арланым.
Баталы ел – арымас,
Батасыз ел – жарымас,
Алты Қосай келгенде,
Қол жайып бата бергенде,
Келмеген жан құр қалар,
Күн күлімдеп нұрланар.
Ырыс алды – ынтымақ,
Шашулы болар жан-жағың!
Осы емес пе
Бабам-ау,
Ұрпақтан күткен арманың!?..
Ерен де Қосай,
Ер Қосай,
Елді баста бірлікке!
Адам қонақ тірлікте.
Ағаны алда бақ біліп,
Жең сыбанып, ат мініп,
Ағаның үйі-Ақ Орда,
Көңілді жүрміз шат қылып.
Өнеге – өріс ағадан,
Атасы бірге – жан ағам,
Батасына бақ тұнып,
Хақтан мейір тараған.
Қазаққа салып сүйінші,
Жеті бірдей інің тұр,
Қабағыңа қараған.
Ордалы мекен-Отпаным!
Адай боп барып тоқтадың,
Алаш боп барып жоқтадың,
Қара дұшпан бүктелді,
Қарашаңырақ тіктелді,
Ұранот жақтың ұлықтап,
Күншілдің жағын құлыптап,
Отпаннан тұрды күліп бақ!
Тектіден туған тентектер,
Атасын қалай ұмытпақ.
Береке-бірлік, дос-айбын,
Езіліп бауыр, босаймын.
Батасын алмақ Алты Алаш,
Əруақты Атам-Қосайдың!
Сөйлесем сөзім жетпейді,
Ығысып дұшпан шеттейді.
Баталы байрақ – Ер Қосай,
Батасында нұр барда,
Алты Қосай тұрғанда,
Атасы бірге – Адайдан,
Батасы бірге – Алаштан,
Қусаң да бірлік кетпейді.
Баталы елді бақ іздеп,
Төрт құбыладан беттейді.
Шартараптың шебері,
Алланың көп-ті берері,
Асылыққа жазбасын,
Антынан ұрпақ азбасын.
Амалды тойлап қайталық,
Ертегі қылып айталық,
Ағадан асыл жақын жоқ,
Еркеледік жайқалып.
Əруақты Бабам Ер Қосай,
Əруағың сенің жасар-ды,
Жеті қат көктен асар-ды.
Нарға салмақ түк болмас,
Нар жолында жүк қалмас.
Асығы алшы ауыл ең,
Бұл жолы да бүк болмас.
Қалың Қосай бар болсын!
Бəріне Алла жар болсын!
Қағидалы қарты бар,
Жалындаған жасы бар,
Ауыл еді Адайға –
Алтыннан қымбат бəсі бар.
Аға бар да – бірлік бар!
Бірліксіз қандай тірлік бар!?
Той болары қызық-ты,
Сайраған тілім жыр ғып қал!
Қызыл да тілдің ол мұңы,
Кеуденің кербез мол жыры.
Ер Қосай мен Пір Бекет,
Отпанға ерте келісіп,
Адай да ұлы-бабамыз,
Бабамызға көрісіп,
Елімен болар сол күні.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу