Өлеңдер ✍️
Адай атаның аманат үні
Адай да болдың, ел болдың,
Есіміммен тел болдың.
Өр мен Кеуде, Қаройда,
Бұрқасын бұла жел болдың,
Тасыған таудай сел болдың.
Келінберді,Құдайке
Қос ұлымнан тараған,
Шудалы бұлттай жараған,
Сегіз бірдей немерем,
Үркердей болып қараған.
Сүйегің нұрдан асыл-ды,
Намысың оттай жасын-ды.
Сегіз Арыс ұрпағым,
Көңілің неден басылды!?
Көз түрткілер жасынды,
Сөз түрткілер асылды.
Кеудеңіз Қаптың теңізі,
Ер көңілі тасынды.
Бөрілі сүрлеу бөктерім,
Көп іркілген көкте күн
Отпан тау менің – Ордам-ды.
Қаратау менің шекпенім.
Шекпеніме орайын,
Толысайын, толайын,
Амалдың күні – Ақ уыз,
Той болмақшы толайым!
Сегіз Арлан ерген-ді,
Алланың өзі берген-ді.
Ер Қосайым Ерден-ді,
Пір Бекетім кенжем-ді.
Құдай да берген құлындар,
Құлын да менен бұлым бар.
Əрқайсыңның бойыңда,
Белімнен тамған нұрым бар.
Ұлдарым менің – Ұраным!
Тербеткен бесік – Тұраным.
Халықтың қамын ойларда,
Қасқайып шапқан шұбарым!
Тəңірден алған тəлімін,
Тəубəсі қабыл Кəрімін.
Алты Алашқа қол жайдым,
Тілегін тілеп бəрінің!
Сүйіндім көктен өбектеп,
Өзімнен өнген желек деп.
Отпанға тіктім Ақ орда:
«Қазаққа бірлік керек» – деп.
Жаралы күні қаным бір,
Жорықты күні арым бір.
«... Əр Қазақ – Менің Жалғызым!»
Жалғыз да менен жаным бір.
Амал таңның жаңасы.
Арысым – елдің панасы.
Ақарыс та, Жанарыс,
Беренді қылыш – Бекарыс,
Арыстың бəрі ағасы.
Ұмытпаңдар көз барын,
Ұялы дұшпан сөз барын.
Қарашаңырақ, көк байрақ,
Сегіз де Бөрі, Көкжалым.
Мен, Ұлы Бабаң-Адаймын.
Ел үшін қылдық талай мұң.
Амалдың күні ақ таңда ,
Ұрпағым келер Отпанға,
Аққа Құдай жақ-ты деп,
Бабасын балдар тапты деп,
Бас-басыңа бақ тілеп,
Жолдарыңа қараймын.
Қанағат-қайыр сарайлым.
Жан тербетер саздай-ды,
Жан далам көзін жазбайды.
Жанымның құйттай бөлшегі,
Өлеңді жердің өртеңі,
Ерлігі болған ертегі,
Келісер жері –кең Алаш,
Өлісер жері серт еді.
Менен туған ұл болса,
Аллаға адал құл болса,
Қазақтың қамын ойлаған,
Өзегі талған мұң болса,
Өлтірсеңде азбайды.
Көсеген сайын маздайды.
Көңілімнің тынысы,
Көргенді елдің ырысы,
Иманды сөздің дұрысы,
Қалауын тапса қар жағар,
Қаһарлы дұшпан зар қағар,
Сегіз бірдей Семсерім –
Алаштың алтын қалышы!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter