Өлеңдер ✍️

  09.05.2022
  133


Автор: Сабыр Адай

Ақындардың ауылы

Бозторғай шырылдайсың боз көдеде,
Торғайға топтан қарға сөз береме.
Сайраған қызыл тілім-қызғыш құсым,
Құлақпен естігенді көз көреме!
Жан телім – жаның жалын от секілді,
Көмейің күннен ыстық шоқ секілді.
Барасың бауырыңды желмен тарап
Атылған нысанаға оқ секілді.
Қасқаның балапаны қарлығады,
Қайысып тарқағандай бар құмары.
Шешкен жоқ Тəуелсіздік ит көйлегін
Заманның кім біліпті зарпын əлі.
Өткеннің өксік толы хаты қалды.
Кек кетті, кездігінде таты қалды.
Бозторғай боз төбеден əрі аспады
Сұқты көз, сұр мергендер атып алды.
Əн қайда?... Əлай жалған сол қалады.
Көзден жас, көңілден жыр сорғалады.
Бозторғай өлгеннен соң бір қысым ет
Қуанып түлкі-қарсақ олжалады.
Көрген жоқ əлсіз байғұс азат болып,
Көмілді көнтепкіден мазақ болып.
Əн жұққан, қанда жұққан боз қауырсын
Барады желмен ұшып қазақ болып.
Зынданға салды қанша күштеп тұрып,
Шынжырмен шындығымды түптеп тұрып.
Халық ем қан– қауырсын, торғай-тағдыр
Күлемін бармағымды тістеп тұрып.
Бұл жолды бабам талай басып өткен,
Жауыпты жау біткеннің тасы көктен.
Таусылды он саусағым шайнай-шайнай
Ел қайда періштені ғашық еткен.
Желкелеп жерден алып жекіп ұрып,
Тойлайды тойған құзғын секірініп.
Зəулім үй алтын азу, күміс ерін,
Төбемнен түкіреді кекірініп.
Күледі күрек тісі алмастанып,
Жатады жалғандықтан таң басталып.
Ауылда құмға сіңіп жоғалады
Анау бір Ақ Ордадан заң басталып.
Некесіз туған ұлдай заң біткенің,
«Қалаулым» отырады қалғып керім.
Қан құсты боз төбенің бозторғайы
Айтатын шындығымды əн ғып менің.
Құстарым!..Құстарым-ай құлағаным.
Көлі де көн беттілеу бұл араның.
Құшақтап қауырсынын бозторғайдың
Есімнен кетпес менің жылағаным.
Кетпеген халық болдық дау қасынан,
Өмірдің өзек талды саудасынан.
Қанаты қан-қан болған көп бозторғай
Қорлықтың сығалайды ауласынан.
Ауылы ақындардың зар төбеде,
Білмесе ақын байғұс зар төгеме.
Қашаннан қанды қолға жемтік болған
Қалыпты бір-бір торғай əр төбеде.
Қиылған қылша мойын жыр-қылышқа,
Бозторғай бозаңда өлер жыр ғып ұшса.
Сайраған көп торғаймен əнім бірге
Жатырмын менің өзім бір бұрышта.
Көзін аш жүрегіңнің бал жағамын,
Қанатын қасқа жырдың қандамағын.
Көңілім айдан сұлу, күннен көркем
Жыр төксем естисің бе жан қарағым!?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу