Өлеңдер ✍️
Аранға киік жақсы айдағанға
Қапсырма күміс ілгек көзтаналы,
Өз сəні, өз дəстүрі, өз базары.
Мен сендік,
Сен де мендік туған елім
Ақыннан аппақ уыз сөз қалады.
Серттессең семсерімді сайлап едім,
Шалқыған ақ шабытым қайда менің!?
Қамқа тон, қима шапан, қынама бел,
Көк жайлау, көсем шоқы, айнакөлім!
Ақ желкен айна көлде байрақ едім,
Күнінде күндей күліп жайнап едім.
Барамыз бардан жоққа көшті түзеп,
Мұң басып, мұнар басып қайран елім.
Тартынған қызыл шарқат орамалы,
Олда енді оңтайлы күн жоғалады.
Қанжылап қайдағыны еске салып,
Қара ешкі маңырайды қорадағы.
Сарнау жел, Самнан қашты үдемелі,
Құйынға құмнан басқа кім ереді.
Жандасқан құммен құйын тағдырым-ай
Көңіл шер, көз жасыңды кім еледі.
Шырылдап торғай төбе жолай белден,
Сонда да құммен құйын борай берген.
Аранға киік жақсы айдағанға,
Бізді де би мен төре қолай көрген.
Жылама Самның құмы сары белден,
Құлаққа қу заманның əні келген.
Талайдың беті ашылар, жүзі күйіп
Шалдардың шығып кетсе бəрі көрден.
Қыр жатыр аламойын, қара қарын,
Сүйретіп бұлт барады ала қабын.
Іркітке иттің басы күнде кірер,
Бөріні неге халқым қараладың!?
Сүйреткен ала қапта қара мұңым,
Қансырап жалалыдан адал ұлың.
Сағынтып атамекен, аламан жұрт,
Зарлаған Самның мен де самалымын!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter