Өлеңдер ✍️

  09.05.2022
  132


Автор: Сабыр Адай

Жүрегің соққан тұстан табылармын

Көп жыладың, көріктім құрақ ұрдың,
Енді, Сен, есендігін сұра жырдың.
Қайғым менің қара бұлт көресің бе,
Елесім бе?!.. Өшпейтін мұра қылғын.
Алдамасын, аяр күн, алдамағай.
Күн иіліп қарайды талға қарай.
Екі бетін аспанның шымшылады.
Жасыл шəлі, сыңсыған балқарағай
Жағаласып жан берді айыр бұтақ,
Қарағай сап, тізілген қайың құшақ.
Батар күннің көмейі қызыл ірің
Судан шыққан қанды көз жайын құсап.
Саған ғана тығылдым тал-мұнарым,
Тал бесіктен құшақтап ал мұнарым.
Ай білезік, күн алқа, күміс түйме
Өрттен ыстық сезімді қалдырамын.
Сырттан дұшпан, іштен дос сынап бітті.
Əлсіз өлді, əрине, шыдап мықты.
Қаңыраған əлемнің қақпасынан
Аңыраған жетім жыр жылап шықты.
Көзін сүртіп қарашы қарағымның,
Тістелейді тірліктің балағын құм.
Жетім жырдың көзінде – ащы шындық,
Жан айқайын қасқаның жаңа білдім.
Мен сені күнім деп ем, гүлім деп ем,
Қалайша салып алды іңір көген!?
Қос бұрымы төгілген гүлім қайда,
Күнім қайда, білмедім күлімдеген?!
Кірпігіне ілдіріп алтын нұрды,
Таң себездеп жататын жалқын жырды.
Көрмей кеткен бақытың мен едім деп,
Көк жүзінде бір аққу қалқып жүрді.
Көлдей толқып, көп ойдан жатып қалдым,
Ғаламатын кім білер ғашық халдың.
Қауырсыны кетіпті айға айналып
Біз бағасын білмеген бақыттардың.
Жыры қалып, көңілде нұры қалып,
Айға қарап қол создым тұрып алып.
Көшкен самал, ескен жел мендік тағдыр
Өз жарасын жалайды ұлып алып.
Қаңбақ едім көп қашқан бастан қырға,
Қара басып тап болдым жатқан жырға.
Қушық шеке қара бұлт, қауға сақал,
Төбе шашы тік тұрды аспанның да.
Көкке шықты суырлып бір құладын,
Құладынмын, кеудеміз жыр-бұла, мұң.
Жанған отқа өзім кеп түсіп көрдім,
Жыр құладын мамығын жұлдырамын.
(Қара базар... қан күйде... шыңғырамын)
Обалым жоқ, қыраулы, қар алабым,
Қарлы шыңның басында таранамын.
Көлден ұшқан көкала үйрек сынды,
Қайда кетіп барасың дара бағым.
Адастық па?!.. Жүретін қалмай бағыт!
Жасын түскен барамын талдай жанып.
Сөніп бітті қайтейін жан жарығым,
Таңды күтіп таусылған шамдай жанып.
Өрт едім ғой, шалықтап, шарықтаған,
Өз күліме көміліп қалып барам.
Өгей бала секілді үй сыртында,
Өксіп жылап өз-өзін табыттаған.
Жаратқан тау біткеннің шыңын жырдан,
Шың асқақ болсыншы деп ырым қылған.
Таңмын – Мен!..
Ақ босаға, алтын шатыр,
Шыңмын – Мен!..
Таудың өзін жылындырған.
У– мын мен, не болмаса бал шығармын,
У– дан іш, балдан жала аршылар мұң.
Өлең жоқ жер таппадым, жыршыл ғалам
Мен, сірə, барлық жерде бар шығармын.
Пендемін сүрінермін, жаңылармын,
Жығылсам тұтылар-ды шаңынан күн.
Жан қалқам мені іздесең өзіңді көр,
Жүрегің соққан тұстан табылармын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу