Өлеңдер ✍️
Мейрамхана мәзірі
Жұмыр иық үлпілдеген ақ тамақ,
Есімімді қайталайды жаттап ап.
Ақындарға арзу болған жер екен,
Қалай айтсам солай бикеш баптамақ.
Саусағынан сəуле шашып жүзігі,
«Жансыз» – дейді, жаны қалмай, – Сіз, Ұлы»
Манауратып қыз төсіне құлатты,
Мақтау сөздің алтын шынжыр құлыбы.
Жəннатта да қыз жоқ шығар ал мұндай,
Би биледік бірге қамшы салдырмай.
Балқып кетпей аман жеттік қосынға
Он екіден бір мүшені алдырмай.
Алда қанша нұрлы шуақ ақ таң бар,
Мен бір серкең, кел бір еркем, баптаңдар!
Бал шараппен сұлу қызды сүйгендер,
Ақындардың сыбағасын сақтаңдар!
* * *
Күрең тай кісінейсің кемдігіңнен,
Күтесің жанға жылу енді кімнен?
Созарға саған қолды дəрменім жоқ,
Шекесі мың жарылған шерлімін мен.
Дірілдеп кірпігіңнен күміс тамды,
Тал бойың талмау таппай құнысқанды.
Сезесің елден бұрын сен құлыным,
Жетімге жекірініп ұрысқанды.
Жетілер жетімдер де балақ түріп,
От жағар, отау тігіп талап қылып.
Болмайды кімдер жетім құдай салса,
Тіс сынар быламыққа қарап тұрып.
Жылағын, жетімдермен бір егілгін,
Жан болсаң ажарың ай, тілегің күн.
Жетімнің көз жасында ақиқат бар,
Көзімен қарап көрші жүрегіңнің!?
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter