Өлеңдер ✍️
Сыйладым бар ғұмырды
Отырсың ба оңаша жаның жылап,
Күндей көрме біреудің бағын бірақ.
Даттай берме қайтесің тірлігіңді,
Көре алмаған жандар бар бір күніңді.
Ашу дұшпан, ақыл дос бұрынғыдан,
Бұрынғының əр сөзін ырым қылам.
Бəрін айтқан , бəрінде біліп өткен,
Өткен күннің көп еді сыры неткен.
Жан дауысым шырқырап жұбатамын,
Тербетемін тірліктің құба таңын.
Бесігінде сен жатсың жүрегімнің,
Саған деген сезім гүл, тілегім күн.
Менің сəулем жап-жарық нұрлы ғайып,
Ғапыл күннің сəулесін жыр қылайық.
Жыр қылайық, лапылдап жанып тұрып,
Жаратқаннан жанға нұр алып тұрып.
Сен жылама жан қалқам күле білгін,
Күле білгін бөлшегі жүрегімнің.
Əр жүректе бір жан бар тілегі бір,
Сен білмейтін сезіммен, сыр еді бұл.
Сен жылама қарағым еркелегін,
Сен жыласаң мен онда өртенемін.
Ая менің жайқалған жан гүлімді.
Жан гүліме сыйладым бар ғұмырды.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter