Өлеңдер ✍️

  09.05.2022
  131


Автор: Сабыр Адай

Ақкетіктен келемін

Көгершін қанат күлгін-ді,
Көк тал бүрлеп, күн күлді.
Көңілім жырдан мастанып,
Өткіздік өрлеп бұл күнді.
Достарым күтіп дүрлікті,
Дүр жігіттер кіл мықты.
Домбыра алып Ратай,
Күй пернесін сырғытты.
Өн бойым менің өлеңді,
Шалқыған шалқар көл енді.
Темірбек інім тақ сайлап,
Көтеріп төрге жөнелді.
Өрелеп сөзді байладық,
Аймалап тұрды ай бағып.
Тамаша шіркін сəт болды,
Тамшалыны айналып.
Дастарқан сыйлы ас болды,
Жамбас пенен бас болды.
Өз кемпірім болмаса,
Қалғаны түгел жас болды.
(Жүрегі құрғыр мас болды)
Тектілерден тақ қалған,
Ер байрағы сақталған.
Ел екен бір жырқұмар,
Аңқылдап сырын ақтарған.
Жаның нұрлы ақсың деп,
Бал жапырақ, бақсың деп,
Досан мен Иса1 күзетті,
Алаңсыз ақын жатсын деп.
Шабыт алдым сенен ел!
Ерлігі асқан ерен ел.
Көп алғыс саған көк теңіз,
Көксауыт жебе, берен ел!
Ағыл да тегіл сол арна.
Жөнелдік сосын жол алда.
Жалауды туған бұл елде,
Жаман жігіт болар ма?!
Ақ киіктей желемін.
Айтармын кейін себебін.
Тоқтатпа мені МАИ бала,
Ақкетіктен келемін!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу